Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Вакцинациялау - мәжбүрлі шара емес": Сенат төрағасы Қазақстанда жаппай вакцинация жайлы айтты

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жаппай вакцинация туралы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

вакцина

Мәулен Әшімбаев Facebook-тегі парақшасында қазақстандықтардың алдағы жаппай вакцинациясына қатысты түсініктеме берді.

Бұл тақырып қазір қоғамда жан-жақты талқыланып жатқанын айтты.

"Осы ретте Денсаулық туралы кодексті қабылдау кезінде сенаторлар емдеуден және профилактикалық екпелерден бас тарту мүмкіндігі туралы түзетулер енгізгенін атап өткен жөн. Сондықтан әлеуметтік желілерде айтылып жүрген кейбір пікірлерге байланысты Қазақстанда вакцина егуді мәжбүрлі түрде жүргізу мүмкін еместігін айтқым келеді", - деді ол.

Сонымен бірге ол коронавируспен күресудің бұл әдісі пандемияны тоқтата алатынын атап өтті.

"Алайда тек вакцинация арқылы ғана пандемияға тосқауыл қоюға болатынын түсінуіміз керек. Тарихта мұндай жағдай алғаш рет болып отырған жоқ. Індет жайлаған кезеңдерде вакцина адамзатты бірнеше рет аман сақтап қалды. Сондықтан қазір таңдау жасауымыз қажет. Қанша уақытқа жалғасатыны белгісіз, үлкен әлеуметтік салдары бар карантиндік шектеулерді әрі қарай күшейткен дұрыс па, әлде жаппай вакцинациялау арқылы ұжымдық иммунитет қалыптастырып, қалыпты өмірімізге қайта оралғанымыз жақсы ма? Жауап әркімге түсінікті болар", - деді Мәулен Әшімбаев. 

"Вакцинациялау - мәжбүрлі шара емес. Бірақ, тұтас халықтың денсаулығын сақтау тұрғысынан өте маңызды қадам. Сондықтан мемлекеттік аппарат пен қоғамдық институттар бұл бағытта түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуге тиіс"

Ол сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында қойған басқа да міндеттеріне тоқталды. Сенат Төрағасы депутаттық корпус президенттік реформаларға қажетті Заңдарды әзірлеп, қабылдайтынын атап өтті.

Алдағы уақытта Парламент Сенаты Мәжіліспен бірлесіп, мемлекет басшысының бастамалары мен тапсырмаларын іске асыру үшін барлық қажетті заңдардың қабылдануын қамтамасыз ететін болады, - деп түйіндеді Мәулен Әшімбаев.

Талқылау