Қазақстанда 2025 жылға арналған инфляция болжамы жарияланды
Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қазақстандағы 2025 жылға арналған инфляция деңгейінің болжамын жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Байбазаровтың айтуынша, мұнайдың орташа бағасы 2025 жылы барреліне 75 доллар болады.
"Инфляция 2025 жылы 5,5-7,5%, 2026 жылы 5-6% деңгейінде белгіленіп, кейін 2027-2029 жылдары 5% төмендейді", – деді Нұрлан Байбазаров үкімет отырысында.
2025 жылы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) нақты өсімі – 5,6%, 5 жылдағы орташа жылдық жалпы ішкі өнім өсімі 5,4% деген болжам бар. Номиналды ЖІӨ 2025 жылы 150,8 триллион теңгеден 2029 жылы 234,2 триллион теңгеге өседі. Осылайша мемлекет басшысының экономика көлемін екі есе ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындамақ.
"Экономиканың барлық саласында өсім болады. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 2025 жылғы 5,4%-дан 2029 жылы 6,6%-ға дейін өседі деп болжанып отыр. Тау-кен өнеркәсібіндегі орташа жылдық өсім – 2,9%. Мұнай өндіру 2025 жылы 97,2 миллион тонна 2029 жылы 104,8 миллион тоннаға дейін жетеді", – деп толықтырды министр.
Ауыл шаруашылығында 5,3%, құрылыста 9,3%, көлік қызметінде 8,2 және саудада 7,1% орташа жылдық өсім болады. Министр тауар экспорты 2025 жылы 82,3 миллиард доллардан 2029 жылы 90 миллиард долларға дейін өседі деп болжайды. Импорт 61,3 миллиард доллардан 67,5 миллиард долларға дейін артады.
"Республикалық бюджет кірісі 2025 жылы 15,6 триллион теңге немесе ЖІӨ-нің 10,4%-ы, 2026 жылы 16,7 триллион теңге немесе ЖІӨ-нің 9,9%-ы, 2027 жылы 18,2 триллион теңге немесе ЖІӨ-нің 9,9%-на тең болады деп күтіп отырмыз", – делінген хабарламада.
Оның айтуынша, республикалық бюджет шығыны 2025 жылы 25,8 триллион теңге, бұл ЖІӨ-нің 17,1%-ы, 2026 жылы 23,2 триллион теңге немесе ЖІӨ-нің 13,7%-ы, 2027 жылы 24,6 триллион теңге немесе ЖІӨ-нің 12,9%-ы болады. 2025 жылы бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 2,7%-ы, ал 2026-2027 жылдары тиісінше ЖІӨ-нің 2,2 және 1,9 пайызына дейін төмендейді дейді.
Үкімет мүшелері елдің 2025–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын және "Ұлттық қордан 2025–2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" заң жобасын мақұлдауға дауыс берді. Олар парламентке қосымша қарауға жіберіледі.