Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қайда көмілгенін білмеймін: СҚО тұрғыны әкесінің қабірінің қазылып, басқа жерге жерленгенін айтты

Солтүстік Қазақстанда Новоишим ауылының тұрғыны әкесінің бейіті қорланғанын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап.

Жас жігіт бұл сұмдықты жергілікті кәсіпкер істеді дейді. Себебі, бұған дейін олар зираттағы орын үшін таласып қалған көрінеді. 

Новоишим ауылының тұрғыны Игорь Лазарев былтыр қыркүйек айында әкесін жер қойнына тапсырған.  Айтуынша, зиратта жер тапшы болған соң, бір бейіттің маңайындағы брусчатканы алып тастап, әкесін сол жерге жерлепті.  Енді ол қабірдің аршылып, ондағы мәйіттің мүлде басқа жерде жатқанын байқаған. 

"Мынау топырақ бос. Әкемнің жерленген жері осында еді. Енді оның қайда екенін білмеймін", – дейді Игорь Лазарев.

Игорьдің айтуынша, әкесінің жанында жергілікті кәсіпкердің баласы жерленген.  Бұл әрекетті істеп отырған сол бизнесмен дейді. Себебі, брусчатканы алып тастағанын кәсіпкер  жақтырмаған көрінеді. Бірақ кәсіпкер болған жағдайға өзі де таң қалып тұрғанын  айтады,   мұндай сұмдыққа дәтім бармайды деп ақталды.  
"Мен баламның қабірінде соңғы рет былтырғы жылдың қыркүйек айында болдым. Марқұмның денесін басқа жерге жерлеген мен емес. Жас жігіттің қабірдің маңайындағы брусчатканы қопарып тастағаны көп кісіге ұнамады. Мүмкін біреу осылайша оны жазалағысы келген шығар", –  дейді кәсіпкер Игорь Батов.

Бейіттің орнын ауыстыру заңға қайшы, дейді полицейлер. Құпияға толы қылмысты тәртіп сақшылары тергеуге кірісті. 

"Аталған факт Ғабит Мүсірепов ауданының полиция бөлімінде ҚР қылмыстық кодексінің 314 бабы 1-бөлігі "өлген адамдардың мәйіттерін және олардың жерленген жерін қорлау" бойынша көзделген құқықбұзышулықтың белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерілудің біріңғай тізіліміне енгізілді. Қазіргі уақытта полицейлермен тергеу әрекеттері жүргізілуде", –  СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің маманы Нұрбек Баекин.

Аруақты кімнің қорлағаны тергеу біткен соң белгілі болады. Ал тараптар әділдік талап етуде.

Талқылау