Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кәсіби спортты қаржыландыру 6,7 миллиард теңгеге қысқартылды

Фото: istockphoto.com

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп кәсіби спортты қаржыландыруды 6,7 миллиард теңгеге қысқартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

2024 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп, кәсіби спортты қаржыландыру саласындағы тәуекелдерді кешенді талдаудан өткізді. Талдау барысында бұл салада жүйелі сыбайлас жемқорлық қауіптері бар екені анықталып, оның отандық спорттың дамуына және халықаралық аренадағы жетістіктеріне кедергі келтіретіні белгілі болды.

Тексеру нәтижесінде кейбір спорт ұйымдарының мемлекеттік қаражатты мақсатсыз жұмсағаны анықталды. Қаражаттар спорт нысандарын салу немесе жаңғыртуға емес, клуб басшыларының жоғары жалақысына, шетелдік ойыншыларға төленетін қаражатқа және шетелдегі оқу-жаттығу жиындарына жұмсалған.

Осыған байланысты 50-ден астам ұсыныс әзірленіп, спортты дамытудағы басымдықтарды қайта қарау, қаржыны бақылауды күшейту, процестерді цифрландыру және қаржыландыруды орталықтандыру шаралары ұсынылды.

2024 жылдың желтоқсанында және 2025 жылдың наурызында салалық ережелерге бірқатар өзгерістер енгізілді. Мемлекеттік қаржыландыру алу үшін кәсіби футбол клубтары енді балалар-жасөспірімдер және жастар командаларының болуын, сондай-ақ жаттығуға арналған жеке спорт нысандарының болуын қамтамасыз етуі қажет. Оқу-жаттығу жиындарын өткізуге де шектеулер енгізілді.

Сондай-ақ, 15 сәуірде "Дене шынықтыру және спорт туралы" заңға өзгерістер енгізіліп, Туризм және спорт министрлігіне кәсіби спорт клубтарын ұстауға бөлінетін бюджет қаражатының лимитін бекіту құзыреті берілді. Сонымен қатар, Қазақстан азаматтығы жоқ спортшыларды бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салынды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында кәсіби спортқа, оның ішінде футбол клубтарына бөлінетін қаржы 6,7 млрд теңгеге қысқартылып, 60,5 млрд теңгеден 53,8 млрд теңгеге дейін төмендетілді. Жөнсіз жұмсалған 1,3 млрд теңге бюджетке қайтарылды. Тиімсіз басқарудың салдарынан 11 спорт нысаны мемлекеттік мекемелердің балансына берілді.

Бұл шаралардың барлығы ел ішіндегі бұқаралық спортты және жас ұрпақтың спорттық әлеуетін арттыруға бағытталған.

Абылайхан Палмағанбет
Жұма, 13 Маусым, 2025 12:25
Талқылау