Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қарыз сұрайтын таныс қалмады": Актер Еркебұлан Тоқтар құмар ойыннан шыға алмай жүргендерге кеңес берді

Отандық киноларда бой көрсетіп, танымалдыққа ие болған актер, спортшы Еркебұлан Тоқтар ел білмейтін құпиясын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: https://www.instagram.com/erkebulan_toktar/

Актердың айтуынша, ол ойынқұмар болған. 

“Осыдан үш жыл бұрын өмірімнің мәнісі қалмағандай еді. Жастардың тілімен айтқанда “қораға” кірдім. Бәрі ставка тігуден басталды. Жарты жыл бойы ұтып, анау-мынау шығыныма, таксиге төлейтін ақшамды тауып жүрдім. Бірақ бірте-бірте "қадала" бастадым. Еңбекпен тапқан ақшамды салып, кейін несиеге кіре бастадым. Банк бермейтін болғасын, ақырындап микрокредит ұйымдарына бас сұқтым. Кім береді, солардың бәрінен алғанмын. Әлі есімде, желтоқсан айы еді. Микрокредит ұйымынан соңғы рет 60 мың теңге берді. Соны 20 мың теңгеден үш рет салып, ұтылып қалдым. 9 желтоқсан мамамның туған күні еді. Сыйлық беруге бір тиын ақшам жоқ. Өзімді сорлы адам сезіндім. "Қандай адаммын мен, әке-шешеме ел қатарлы сыйлық бере алмадым, інілеріме дені дұрыс аға да боп жарытпадым" деп күйіндім. Содан өзімді қолға алам деп, іштей серт беріп, спортпен айналыса бастадым”, – дейді актер. 



Өнер иесінің айтуынша, құмар ойыннан 3-ақ нәрсе алып шыққан. 

“Жаттығу залына барғым келді. Ол жаққа бару үшін ақша керек. Сол үшін тегін жаттығатын зал іздедім.

Сырым досым "кел, тегін жаттық" деді. Бірақ оған бару үшін де жолға ақша керек. Айдын Жұмахан деген әнші досымды бірге жаттығуға үгіттеп, соның машинасымен барып жүрдім. Бірте-бірте тіл үйрендім. Одан кейін дінге қызықтым. Спортта әжептеуір жетістікке жете бастадым. Үш айдан кейін медиа-боксқа қатысу туралы ұсыныс түсті. Бір украиналық боксшыны жеңіп, содан мені үлкен ағалар назарға алып, бірге жұмыс істеуге ұсыныс білдірді. Келісімшарт жасаса бастадық. Солай мен алдыңғы қарыздарымды жауып, қалыпты өмірге қайта оралдым. Бұл видеода айтқым келген нәрсе: қандай қиындыққа тап болсаң да, еңбек пен әрекет керек. Өміріңнің түбіне келіп, тіреліп тұрсаң да берілме. Біліміңді шыңдап, тығырықтан шығудың жолын қарастыру керек", – деп кеңес айтты спортшы. 

Желі қолданушылары құмар ойынның құрсауында жүрген таныс-достарын айтып, көмектесуін өтініп жатыр. “1 миллион 400 мың теңге қарызбын. Осы іс-әрекетіме өкінемін”, “Ерік-жігерің мықты екен”, “Адам өзін өзгертпейінше, өмірі өзгермейді”деген пікір көп. 

Талқылау