Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Карантиннің зардабы: Қарағандыда балалар үйінің тәрбиеленушісі бір сағатта панасыз атанды

Қарағандыда балалар үйінің тәрбиеленушісі төртінші тәулік далада түнеп жүр.  24 жастағы Виктор Ахрамов автобус паркінде кондуктор болып жұмыс істеп, жатақханада тұрған. Алайда қоғамдық көлік жұмысын тоқтатқан соң, кондукторлар жұмыссыз, баспанасыз қалған. Бұл туралы 31- арнаның Информюро жаңалықтар қызметіне сілтеме беріп Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Адамдар пәтерлеріне кіріп болғанын күтіп, соңғы қабатқа шығып сонда жасырынып, ұйықтадым", - дейді Виктор.

Өткен дүйсенбіден бастап Қарағандыда қоғамдық көлік жүрмейтін болғандықтан, кондуторлар жұмыссыз қалған. Викторға  автопарк жанындағы жатақханадан шығуды сұраған. Қалада ауа температурасы 0-ден төмен болғандықтан, ол подъезде түнегеннен басқа амалы жоқ. Жылыну үшін даладағы белтемірде жаттығу жасайды, тұмауратып та қалған.

Виктор 8 жыл бұрын ол балалар үйінен түлеп шыққан. Колледж бітіріп, әскерге барып борышын орындап келген. Қазақ тілін жетік меңгерген ол, олипиадаларға қатысқан. Осы уақытқа дейін түрлі жұмыстарда: әкімдікте көше сыпырушы, кондкутор т.б. істеген.

"Достарымнан ақша сұрап, олардың үйінде қонуды сұрау енді маған ұят. Не істерімді білмеймін..", - дейді ол.

Виктор тұрғын-үйге кезекте тұр. Алайда үйді қазір ешкімге беріп жатқан жоқ. Тұрғын-үй қатынастары бөліміне, Нұр Отанға да барған.

Бұрын ол адамдарды қоғамдық көлікте тегін жеткізіп, жәрдемдесетін. Алайда қазір Виктор өзі көмекке зәру.  Себебі карантин уақытында оны баспанасыздар үйіне де алмайды. 

"Әлеуметтік бейімделу орталығы медициналық-әлеуметтік мекемеге жатады. Қарағанды облысының санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша мекеме карантинге жабылған. Орталықта 50 орын бар және қазіргі уақытта орталық толған", - дейді Қарағанды қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Бахытнұр Талипова.

Ал полиция егер үйсіз қалған адам келген жағдайда айықтырғыш немесе қабылдау бөлімдеріне жатқызылатынын хабарлаған. Алайда, кейін бәрібір панасыздың күні қайта далада сандалу болмақ. 

"Мен кез келген жұмысты істеуге дайынмын. Ақша тапсам болды. Жатақхана төлеуге 30 000 теңге керек", - дейді Виктор. 

Панасыз жігіттің құжаттары бар. 42 500 теңге жәрдемақыға да өтінім жіберген, бірақ әлі жауап келмеген көрінеді.

 

Талқылау