Қарағандыда ережесіз жекпе-жектен кейін 18 жастағы спортшы комаға түсті: Қарсыласы тыйым салынған әдіс қолданған

Қарағандыда 18 жастағы спортшы ережесіз жекпе-жек турнирінен кейін басынан ауыр жарақат алып, комаға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қайғылы оқиға туралы спортшының әпкесі Threads желісінде баяндады. Әпкесінің айтуынша, Қарағандыда 2026 жылғы 14-15 ақпан күндері жекпе-жек (еркін ережедегі төбелес) турнирі өткен.
14 ақпанда Арслан екі жекпе-жек өткізіп, жеңіске жеткен. Ешқандай ауыр жарақаты алмаған. Келесі күні, әпкесінің мәліметінше, жекпе-жек барысында қарсыласы тыйым салынған әдісті қолданып, спортшыны басымен төмен қарай лақтырып жіберген. Осыдан кейін спортшы әрең тұрған, басын ұстап, бағдарынан жаңылған. Оның жағдайына қарамай, жаттықтырушы да, төреші де, федерация өкілдері де жекпе-жекті тоттатпаған.
Екінші раунд аяқталған бойда, Арслан есінен танып, құлап қырылдап демала бастаған.
“Оқиға орнында қажетті реанимациялық жабдықтары жоқ тек бір фельдшер болды, жедел жәрдем көлігі кезекшілік етпеді, тіпті оны шақыруға да әрекет жасалмады. Зардап шеккен адамды омыртқасын бекітпестен сыртқа алып шықты, кейін медициналық тасымалдау хаттамаларын сақтамай, көлікке отырғызды. Арсланды ауруханаға ересектердің бақылауынсыз, кәмелетке толмаған достарымен бірге жіберген. Тіпті спортшының туыстары болған жағдайды турнир ұйымдастырушыларынан емес, оның достарынан естіген”, – дейді зардап шеккен Арсланның әпкесі Іңкәр Қалиева.
Ауруханада жігітке бастың жарақаттан кейінгі ми ішіне қан құйылуы, мидың ауыр дәрежедегі соғылуы, сол жақ жартышардың жедел субдуральды гематомасы, ми ісінуі деген диагноз қойылған. Ол қазір 2-3 дәрежелі комада жатыр. Оған шұғыл операция жасалған.
Спортшының әпкесінің айтуынша, Арслан бұл спорт түрімен 2022 жылдан бері кәсіби түрде айналысады және бұған дейін едәуір нәтижелерге қол жеткізген. Жігіттің туыстары турнир кезінде спортшылардың қауіпсіздігіне қатысты ережелер тиісті деңгейде сақталмаған деп санайды.
“Мұндай жағдай оның жарыстарға қатысқан бүкіл кезеңінде бұрын-соңды болған емес. Өкінішке қарай, бұл жолы спортшылардың қауіпсіздігіне қатысты ережелер тиісті деңгейде сақталмаған леп ойлаймыз. Салдарынан осындай жағдай болып отыр”, – деді ол.
Әпкесінің мәліметіне сәйкес, бүгінде Арсланның жағдайы ауыр, дәрігерлер оңалатынына кепілдік беруден бас тартқан көрінеді.
Бұған қоса, Іңкәр Қалиева жағдайдан кейін турнирдің ұйымдастырушылары, федерация басшылығы, тіпті жаттықтырушы да байланысқа шықпады деп наразылығын білдірді.
Полиция не дейді?
Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі дерек бойынша Қылмыстық кодекстнің 114-бабы (Денсаулыққа абайсызда зиян келтіру) бойынша соталды тергеп-тексеру басталғанын хабарлады.
“Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр”, – делінген хабарламада.
"Денем кез келген уақытта ісіп кетеді": Қазақстандық өзінің ісік ауруымен ауыратынын 50 жылдан кейін ғана білген