Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаңтар кезінде Алматыдағы алаңға Талдықорғаннан 158 мың оқпен қаруланған 200 жауынгер келген - Прокурор әскери сотта

Алматы гарнизоны әскери сотында былтыр Қаңтар кезінде оққа ұшқан Елнар Қансейіттің (ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың ұлы) өліміне қатысты қылмыстық істе прокурор жаңа деректерді айтты. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап хабарлайды.

Митинг

Прокурор жауынгер Серікбол Мұратханға 7 жыл түрме жазасын тағайындауды және аға сержант шенінен айыруды сұраған. Ал айыпталушы соңғы сөзінде қару атпағанын, жазықсыз екенін тағы қайталаған.

Сотта прокурор былтыр Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорғандағы N18404 әскери бөлімінен Алматыдағы алаңға Калашников автоматымен қаруланған 200 жауынгер 158 мың оқ, 200 автоматпен қаруланып келгенін айтқан.

“45 том қылмыстық іс материалдарына сәйкес, 6 қаңтарда құқық қорғау органдарының жоғары лауазымды қызметкерлерінің бұйрығымен Талдықорғандағы N18404 әскери бөлімінен Алматыдағы алаңға Калашников автоматымен қаруланған 200 жауынгер жеткізілген. 6 қаңтарда кешкісін Сәтпаев-Фурманов көшелерінің қиылысында осы жауынгерлердің бірі Елнар Қансейіт айдаған көлікке оқ жаудырып, атып өлтірген”, – делінген ақпаратта.



Осы іс бойынша күдікті танылған аталған әскери бөлімнің аға сержанты 33 жастағы Серікбол Мұратханға "Билікті асыра пайдалану" бабы бойынша айып тағылған. Ақпаратқа қарағанда, ол 21 қазаннан бері тергеу изоляторында отыр.

Іс бойынша сот үкімі 4 шілде сағат 15.00-де оқылады.

Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасында 238 адам қаза тапқан. Олардың көбі 2022 жылы 6 қаңтарда Алматының Республика алаңында әскерилер оғынан өлген деп айтылады. Марқұмдардың туыстары олардың өлімі әлі ашылмағанын айтқан.

Құқық қорғаушылар құжаттау барысында 5 қаңтарда 80 адам, 6 қаңтарда 72 және 7 қаңтарда 65 адам қаза тапқанын анықтаған. Алматыда 103, Талдықорғанда алты, Шымкентте 29, Атырауда бір, Өскеменде үш, Қызылордада 20, Таразда 15 адам көз жұмған. Сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан, Израиль және Ресей елдерінің алты азаматы да осы оқиғалар барысында қаза тапқаны тіркелген.

Талқылау