Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қалталы азаматтар көмек берсе": Әйелі қаза болған алматылық әке 4 баласы жетімдер үйіне өтіп кете ме деп қорқып отыр

Балаларыңды жетімдер үйіне алып кетеді. Келіншегін жуырда ғана жер қойнына тапсырған алматылық азамат осы сөзді естігенде жанын қоярға жер таппағанын айтады. Себебі, араларында ортақ 4 баласы болғанымен екеуі заңды некеге тұрмаған екен.

Оның үстіне, жәрдемақының бәрі марқұм жұбайының атына рәсімделіпті. Тығырыққа тірелген көпбалалы әке көмек сұрады. Құжаттарды реттесем, ұл-қыздарымды ешкімге жәутеңдетпей-ақ өзім бағып-қағар едім дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жамбыл Дауытовтың әйелі мамырдың 25-і күні кенжесін кесір тілігімен босаныпты. Аман-есен үйіне оралып баласын қырқынан шығарған. 6 маусым күні жұмыста жүрген күйеуіне телефон шалып, дереу келуін сұрапты. Үйіне жеткен сәтте әйелінің денсаулығы сыр беріп құлаған. Бірден жедел жәрдем шақыртқанымен, ақ халаттылар 4 баланың анасының өмірін сақтап қала алмаған. 

«Жарты сағаттай ол кісілер көмегін көрсетіп, ең аяғында келіншегімді аман алып қала алмады. Жарты сағаттан кейін шықты. Шыққаннан кейін айтты өзіңізге өзіңіз берік болыңыз келіншегіңіз кетіп қалды деп. Одан кейін мен талып қалыптым»

Төрт перзентіне қарау үшін отағасына жұмыстан шығуға тура келген. Отбасын құрғандарына оншақты жыл болғанымен заңды некеге тұрмаған. Ал, балаларының жәрдемақысы марқұм келіншегінің атына рәсімделген екен. Құжаттары дұрыс болмағандықтан туыстары ұл-қыздарын құзырлы органдар балалар үйіне алып кетуі мүмкін екенін ескерткен. Оны естігенде жанын қоярға жер таппапты. Көпбалалы әкені ертіп біз Қалалық жұмыспен қамту орталығына бардық. Мамандар мән-жайды түсіндіріп, құжаттарын рәсімдеуге көмектесетінін жеткізді. Отбасының тұрып жатқан жерімен танысып, өзге де көмек беру жолдарын қарастырмақ. 

Орталықтың атынан құжаттарын рәсімдеуге көмек көрсетіледі, басқа да бала-шағаға көрсетілетін көмектер немесе үй жағынан көрсетілетін көмектер Алатау ауданы әкімшілігімен бірлесіп, көмек көрсетеміз деген ойдамыз", - дейді қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары. 

Қалалық жәрдемақы төлеу орталығының өкілдері де келіп, мемлекеттен берілетін көмектің уақытылы көрсетілетінін жеткізді. Кенже ұлына бір жасқа дейінгі төленетін жөргекпұлын әзірлеуді өз мойындарына алды. 

Алматыда үш баланы анасы босанған соң көз жұмды >>>

"Барлық балаларыңыздың туу туралы куәлігін, әке болғандағы куәлігіңізді қалғандарына біз өзіміз запрос жасаймыз. Міндетті түрде 20 цифрлы счетті ұмытпаңыз. Болды, осы құжаттарыңыз жеткілікті. Анда-мұнда баратын ештеңесі жоқ", - дейді қалалық зейнетақы төлеу жөніндегі орталықтың маманы Думан Қайырғазыұлы. 

Дәуітіовтар отбасының тұңғышы бірінші, екінші ұлы нөлінші сыныпқа баруы тиіс. Қазір қиын жағдайға тап болған азамат қайырымды жандардың көмегіне мұқтаж. 

"Өзіміздің Қазақстанның халқынан кішкене көмек сұрап, қалталы азаматтар бар. Сол кісілер осы төрт балама кішкене көмек берсе екен деймін", - деді Алматы қаласының тұрғыны Жамбыл Дауытов. 

Отағасы сәл аяғымнан тұрып алсам балаларымды ешкімге жәутеңдетпей өзім өсіріп жетілдіремін дейді. 
 

Талқылау