Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қала басшылары тұрғындардың қауіпсіздігін ойламайды": Қызылордалықтар үш жылдан бері әкімдік уәде еткен жағажайды күтіп жүр

Қызылордалықтар үш жылдан бері жағажай салып береміз деген әкімдіктіктің уәдесіне тойғандарын айтады. Сөздеріне сенсек, бүгінде облыс аумағында санитарлық талаптарға сай тек екі жағажай ғана бар. Бұл миллионға жуық тұрғыны бар өңір үшін аздық етуде. Тұрғындардың назын Stan.kz тілшісі тыңдады. 

Жаңа жағажайдың құрылысы басталуы қажет жер

Қызылордалықтар ауа температурасы түстен кейін 45 градустан асқан тұста ыстықтан әбден қиналатындарын айтады. Ал ыстықтан қорғану үшін өзен-көлдің жағасына барып тынығайын десе, орын жоқ. Себебі миллионға жуық тұрғыны бар бір облыста жөні түзу тек екі жағажай бар көрінеді. Ал жабайы жағажайға барып, суға түсуге тағы болмайды.

"Қазір жаз, балаларымыз демалыста жатыр. Күннің ыстығында суға түскілері келеді. Жеке бассейндерге бару қымбат, қалтамыз көтермей қалады. Облыс орталығындағы жағажайларда адам лық толы. Тазалықтары да көңіл көншітпейді", – дейді қала тұрғыны Света Жахан.

Санитарлық талаптарға сай жағажайлардың бірі облыс орталығының шалғай бетіндегі Белкөл кентінде орналасса, екіншісі қаланың ішінде. Қай кезде де шомылуға арналған нысандар келушілерге лық толы көрінеді. Осы мәселені шешу үшін осыдан үш жыл бұрын тағы бір жағажайды іске қосу жоспарланған болатын. Сол кезде қала әкімі болған Ғанибек Қазантаев жаңа нысан барлық талапқа сай әрі тегін болады деп уәде еткен еді. Эдельвейс саяжайы жанында ашылуы тиіс нысанды халық әлі үмітпен күтіп жүр.

"Қазантаев әкім болған тұста жарнамасы жер жарып еді, кейін шенділер сылтау айтып кетті. Киініп-шешінетін орын, шезлонг қоямыз деген. Бірақ ешқандай жұмыс жүргізілмеді. Бұл мәселе шешілмейінше, тұрғындар қауіпті аумаққа суға түсуін қоймайды. Қала басшылары тұрғындардың қауіпсіздігін ойламайды", – дейді Әсет есімді тағы бір қала тұрғыны.

Жауапты мамандардың айтуынша, жыр болған жаңа жағажайдың ашылмауына Эдельвейс саяжайындағы топырақ пен судың сапасыздығы себеп болған екен.

"Былтыр жағажайдан екі рет су сынамалары алынған болатын. Микробиологиялық көрсеткіштері талапқа сай болмады. Халықты түрлі аурулардан сақтау мақсатында жағажай іске қосылмады. Жергілікті атқарушы органнан тапсырыс түскен жағдайда біз тағы да толықтай зерттеп беруге дайынбыз", – деп мәлімдеді Қызылорда қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Ұзақбаев.

Айта кетсек, өңірде жыл басынан бері “жабайы” жағажайда 13 адам суға кеткен. Оның бесеуі жасөспірімдер екен.

Талқылау