Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кабулды үрей биледі: тәліптер үйлерді тінтуді бастады

"Талибан" қозғалысының әскерлері Кабулдың кейбір аудандарында үйлерді тінтіп, адамдарды тізім бойынша іздеп жатыр. Сондай-ақ, халықты басып-жаншумен қатар өлім жағдайлары да айтылады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Vesti.ru-ға сілтеме жасап.

Ауғанстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Гулам Исакзайдың айтуынша, ауған астанасының тұрғындарын "толықтай үрей билеген".

"Біз тағы да тәліптердің уәделері мен міндеттемелерін орындамағанының куәсі болдық. "Талибан" әскерлерінің Кандагар мен басқа да ірі қалаларда бейбіт тұрғындарды қасақана өлтірген сұмдық оқиғаларды көрдік”, – деп келтіреді Россия 24 каналы БҰҰ өкілінің сөзін.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш өз кезегінде барлық елдерді Ауғанстаннан босқындарды қабылдауға шақырды. Халықаралық қауымдастық бұл ауған елінің лаңкестердің қауіпсіз аймағына айналмайтынына кепілдік беруі керек деп қосты. 



Сонымен қатар Қызыл крест қауымдастығы Ауғанстанда мыңдаған жаралыларға көмектесіп жатқанын жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, 15 тамызда "Талибан" қозғалысы Ауғанстанды толық басып алғанын жариялады. Президент Ашраф Гани елден қашып кетті. 

Бұған дейін 70-ке жуық мемлекет ауған халқына көмектесуге дайын екендіктерін мәлімдеген. АҚШ Тәжікстаннан, Қазақстаннан және Өзбекстаннан американдықтарға көмектескен тоғыз мыңға жуық ауғандықтарды уақытша орналастыруды сұрағанын хабарлаған болатын. 

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі өз кезегінде ауған босқындарын Қазақстан аумағына орналастыру жөнінде тараған ақпаратты жоққа шығарған. Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаев ешқандай шешім қабылдаған жоқ деген болатын. 

Талқылау