Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Іш ауырып, мұрын мен көз қанайды”: Денсаулық сақтау министрлігі марбург вирусының өршуіне байланысты ескерту жасады

Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі әлемде марбург вирусының өршуіне байланысты елде бақылауды күшейткенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: freepik.com

Марбург вирустық ауруы – адамдарға да, басқа приматтарға да әсер ететін сирек кездесетін, ауыр вирустық геморрагиялық қызба.

“Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа қауіпті инфекция – Марбург вирусының өршуі туралы ескертуіне байланысты эпидемиологиялық жағдайды бақылауды күшейтіп жатыр. 

Вирус табиғатта жарқанаттарда кездеседі және жарқанаттардан адамдарға берілуі мүмкін. Марбург қызбасының табиғи ошақтары – Оңтүстік, Батыс және Орталық Африка елдері: Оңтүстік Африка, Габон, Судан, Конго Демократиялық Республикасы, Либерия, Гвинея, Зимбабве, Кения. Аурудың клиникалық көріністері вирусты жұқтырғаннан кейін 2-21 күннен кейін пайда болады”, – деді ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігер Сархат Бейсенова. 

Денсаулық сақтау министрлігі осыған орай бірқатар шараларды ұстануды ескертті. Әсіресе халықтың жоғары көші-қонын ескере отырып, эндемиялық елдерге барған қазақстандықтарға мынадай профилактикалық шаралар сақтану керек:

  1. жұқтырған адамдармен байланыста болудан аулақ болу;
  2. Африка жунглиінде кездесетін жабайы жануарлардан сақ болу;
  3. жергілікті жануарлардың нашар қуырылған етін жемеу;
  4. мысырлық жарқанаттардың көп саны – вирустың асимптоматикалық тасымалдаушылары бар үңгірлер мен шахталарға бармау;
  5. аурудың белгілері пайда болған кезде дереу медициналық көмекке жүгіну;
  6. жеке гигиена ережелерін сақтау.


“Марбург вирусына қарсы арнайы ем мен вакцина жоқ. Тек симптоматикалық емдеу жүргізіледі.

Вирус адамға тікелей байланыс арқылы беріледі. Сіз зақымдалған тері немесе шырышты қабықтар арқылы жұқтыра аласыз. Сонымен қатар вирусты заттардың бетіне тигенде және төсек-орын немесе науқастың киімі сияқты материалдарды ұстаған кезде жұқтыруға болады. Аурудың негізгі белгілері: қызба; тамақ ауруы; бөртпе; іштің ауыруы; мұрын мен көздің қанауы”, – делінген хабарламада.

Денсаулық сақтау министрлігі халықаралық әуежайларда аурудың республикаға әкелінуіне және таралуына жол бермеу мақсатында барлық келетін жолаушылардың байланыссыз термометриясы жүргізілетін мемлекеттік шекарада санитариялық-карантиндік бақылау жүзеге асырылатынын алға тартты. 

Еске салсақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы марбург вирусының таралуына алаңдаушылық білдірген еді.

Талқылау