Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Фермерлер ауа райын бір ай бұрын біліп отырады": Ақмола облысының тұрғындары интернет әкелген жаңашылдықтар жайлы айтты

Елімізде цифрлық және заманауи технологияларды дамыту шарасы ілгері жүріп жатқанымен, жасыратыны жоқ интернет проблемасы әлі де бар. Еске түсірсек, өткен жылы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі еліміз бойынша 1 мыңға жуық ауылда интернеттің жоғын хабарлады. Бүгінде олардың бірқатарында “250+” бағдарламасының арқасында кең жолақты желі орнатылған. Осы орайда Stan.kz тілшісі елдімекендердің қазіргі жағдайын білу мақсатында Ақмола облысы Егіндікөл ауданы Полтавское ауылына барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты. 

Полтавское ауылы елордадан 170 шақырым жерде орналасқан. 600-ден астам тұрғыны бар ауылдың әкімі Мадияр Жетпісовтың айтуынша, елді мекен Полтавское және Көркем деп екіге бөлінген екен. Өңір басшысы ауылға Kcell-дің кең жолақты интернеті биыл маусымда қосылғанын жеткізді. 

"Ауылымызда шаруа қожалықтары бар халықтың дені сонда егінмен айналысып, тіршілік етеді. Сондай-ақ үйлерінде мал ұстайды. Ауылда 2 екі мектеп бар, бірінде 75 бала оқыса, екінші мектепте 35 оқушы білім алып жатыр. Білім ошақтарында балалар қазақ және орыс тілдерінде оқытылады. Былтыр қашықтан оқыту кезінде интернет жоқ біраз қиналғанбыз. Енді, міне байланыс келіп, жаңа оқу жылында оқушылар мен ұстаздардың қолы ғаламторға жетті", – деді Полтавское ауылының әкімі Мадияр Жетпісов. 

Оның сөзінше, бүгінде интернет ауылдағы әрбір үйдің ішінде де, сыртында да жақсы ұстайды. 

"Бұрын ауылда интернет болмаған кезде “Қашан интернет тартылады?” деп халық жиі сұрайтын. Осыған дейін Қазақтелекомның интернеті болды, бірақ оны орнатуға барлық тұрғындардың мүмкіндігі бола бермеді. Бұған қоса, аталған компанияның интернеті тек қана үйде болды. Биыл көктемде ауыл тұрғындарының көптен күткен арманы орындалып Kcell-дің базалық станциясы орнатылды. Осы орайда интернетке деген сұраныс та артты. Бүгінде ауыл тұрғындарына интернет қолжетімді және үйдің ішінде ғана емес сыртта да Kcell-дің" интернеті ұстап тұр”, – деді Жетпісов. 

Ауылдағы интернеттің ахуалын тұрғындардың өз аузынан естуді жөн көріп, үйлерді араладық. Айтпай Аблахимов есімді диқанның сөзінше, интернет ауылдағы шаруашылыққа көп көмегін тигізуде. 

“Интернетті шаруалар егінде де, мал шаруашылығында да жиі пайдаланады. Мәселен, диқандар үшін ауа райы алдын ала біліп жүру маңызды. Теледидардан тек бір күннің ауа райын көрсетеді, ал интернет арқылы алдыңғы аптаның, айдың ауа райын ертерек біліп алуға болады. Бұған қоса, олар өзара WhatsApp мессенджерлер арқылы байланысқа түсіп, бір-бірінен ақыл-кеңес сұрап жатады. Хабарландыруларды, жаңалықтарды осыннан естиміз”, – дейді шаруа. 

Сонымен қатар ол бұл тұрғыда әкімнің еңбегін атап өтті. 

"Ауылда Activ пайда болды. Бұл алдымен ауыл жастары мен оқушылары үшін қуанышты жаңалық болды. Өзім де мобильді телефонды қолданамын. Өздеріңіз білесіздер қазіргі заманды интернетсіз елестету мүмкін емес. Бесіктен белі шыққан баладан, еңкейген қартқа дейін ұялы телефон ұстап, интернетті қолданады", – деді ауыл тұрғыны. 

Галина Тимошенко есімді елді мекен тұрғын интернет келгелі бері ауылдықтар қолма-қол төлемнен онлайн ақша аударымдарына көшкенін сөз етті. 

"Айырмашылық айтарлықтай, бұрын интернет нашар ұстайтын, кейбір жерлерде мүлдем жоқ еді. Күнделікті тіршіліктен бөлек, жұмыс үшін де интернет өте қажет. Мысалы, менің дүкенім бар, өзіңіз білесіз, қазір төлем жасаудың неше түрі пайда болды және оның көбісі интернетпен байланысты. Дүкенге келгендер де, өзіміз тауар алуға барғанда да онлайн ақша аударымын пайдаланамыз. Қазір онсыз сауда-саттықты елестету қиын. Әрине, интернеттің болғаны өте ыңғайлы. Үйде де интернет орнатып алдық, айына 6-7 мың теңге төлеймін", – деді ауыл тұрғыны Галина Тимошенко. 

Тағы бір тұрғын ауылда кең жолақты интернет қосылғалы бері байланыс жақсара түскенін, туыстармен еш кедергісіз хабарласатынын айтып ағынан жарылды. 

"Расын айту керек бұрын ауылда интернет деген түсінік болмады. Мобильді интернет деген жеке мәселе еді. Міне, биыл көктемде ауыл әкімдігінің қолдауымен Kcell орнатылды. Өзіміз үшін де, балаларға да жақсы болды. Қазір үлкен ұлым қашықтан оқып жатыр, оның сабағы интернетсіз өтпейді. Жылдамдыққа келсек, көңілге қонымды деп айтуға болады. Жалпы алғанда сөйлесу мен хабарлама жіберуде мәселе жоқ. Үйге Kcell-дің Wi-Fi-ын орнаттық, ал мобильді байланыс менде Activ. Басқа өлкедегі туыстарыммен ешбір қиындықсыз сөйлесемін. Соның арқасында оларға жиі қоңырау шалатын болдым, тіпті сағынғанда видеомен әңгімелесіп аламыз", – дейді Людмила Бутромиова. 

Зейнеткер Ирина Рубец жаңа желі немерелеріне бірқатар мүмкіндіктер сыйлағанын жеткізді. 

"Мен зейнеткер болғандықтан интернетке аса мұқтаж емеспін. Дегенмен, туыстарыммен байланысу үшін өте қажет. Оның үстіне немерелеріме де керек. Олардың сабағы бар, мектептен тыс уақытта мультфильмдері бар көретін. Интернет ауылға келген соң балаларға ноутбук алып бердік. Қазір интернет пен ноутбуктің қызығын осылар көріп жатыр," – дейді ауыл тұрғыны Ирина Рубец. 

Еске сала кетсек, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин биыл халық алдында есеп беру кездесуінде 2023 жылға дейін елімізде 600 шағын ауылға интернет тартылатынын айтып сендірді. 

"Ол ауылдардың мәселесін екі жолмен шешеміз. Бірінші жолы – радиожиіліктер арқылы болады. Екінші жолы – төмен орбиталы жерсерік топтары арқылы интернет жеткізу. 2022 жылдың аяғына дейін интернеті нашар 510 елді мекендегі жағдайды түзейміз. Ал интернет мүлде жоқ 1200 елді мекеннің тең жартысына төмен орбиталы жерсерік топтары арқылы байланыс жеткізіледі", – деді Мусин.  

Айта кетсек, “250+” бағдарламасының аясында Полтаковское ауылында биыл маусым айында кең жолақты интернет желісі орнатылған. 

Талқылау