Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Иманғали өз ақшасына үй алып берді": Несіпбек Айтұлы Тасмағамбетовтың жақсылығы жайлы айтты

Ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы Иманғали Тасмағамбетовтың арқасында елордаға көшіп, үйлі болғанын мәлімдеді. Тасмағамбетов кезінде зиялы қауым өкілдеріне қолдан келгенше көмектескен. Бұл туралы ақын Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында баяндады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Несіпбек Айтұлының айтуынша, Иманғали Тасмағамбетовпен зиялы қауым өкілдері түгелдей араласқан. 

"Соның бірі – мен. Иманғалидің үйсіз-күйсіздерге, талантты адамдарға жасаған жақсылығы ұшан-теңіз. Оны біз ұмытпаймыз. Әсіресе зиялы қауым Иманғалиді жақсы көреді.

Алматыда жүрген кезінен, бала кезінен білетінмін", – деді Несіпбек Айтұлы.

Ақын Тасмағамбетовпен 2001 жылы Жазушылар одағында кездескенін айтады. Бірнеше секундтық диалогта Тасмағамбетов Айтұлын елордаға шақырып үлгерген. 

"Ол кезде "Жұлдыз" журналында істейтінмін. Жағдайымыз қиын болды. Жүрсін (Ерман) екеуміз таксовать ететінбіз. Журналдан алатынымыз 6-ақ мың теңге. 

Жиналыстан шығып келе жатыр едім, 3-4 қыз-келіншек Иманғалиді жібермей, ұстап тұр екен. Топтан шығып кеткісі келді ме: "Аға, тұра тұрыңыз", – деді. Сәлемдестік. Халімді сұрап: 

- Астанаға келмейсіз бе?  – деді. 

- Астанаға мені кім шақырыпты? 

- Мен шақырып тұрмын. 

- Шақырсаң, барайын. 

- Жапонияға ұшып бара жатырмын. Сәуірдің 17-сі күні Астанада боламын, таңертең кабинетіме келіңіз, –  деді. Бұл шамамен сәуірдің 9-10-ы болуы керек. Болды. Бар әңгіме осы",  –  деп еске алды ақын. 

Айтұлы белгіленген күні елордаға жетіп, Тасмағамбетовтің қабылдауына кірген.

- Неден бастаймыз? – деді. 

- Шақырған өзің. Қызмет тауып бер, – дедім.

"Телефонды алды да: "Мырзатайға (Жолдасбеков) звондайын. Зиялы қауым соның айналасына жиналып жатыр", –  деді.

Имеке, мен ол кісінің шәкіртімін. Сізге хабарластырып отырғаным ұят болар. Өзім-ақ барамын деп кеттім", – дейді ақын. 



Айтұлы Мырзатай Жолдасбеков пен Сұлтанғали Садырбаевтың көмегімен газетке қызметке тұрғанын айтады. Көп ұзамай жатақханадан орын берілген. Сөйтіп жүргенде екі жыл уақыт өте шыққан. Бұл аралықта Тасмағамбетов Алматыға әкім болып кеткен. 
Ал астананың бұрынғы әкімі Шөкеевке үй беруге уәде бергенімен, сөзінде тұрмапты. Айтұлы Тасмағамбетовке қайта хабарласқанын айтады. 

"Осы Абай 1 көшесінде төрт бөлмелі үйді алып берді. Ақшасын төледі, мен өзім сатып алғандай қол қойып алдым. Осыдан басқа үй алған емеспін. Имекең қалтасынан төлеп, алып берді. Ол жақсылығын ұмытпаймын", – дейді ақын.

Талқылау