Украиналық скелетоншы Владислав Гераскевич соғыста қаза тапқан украиналық спортшылардың суреттері бейнеленген “Естелік дулығамен” Олимпиадаға қатыспақ болғаны үшін жарыстан шеттелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bbb.com басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұны спортшының өзі “Суспільне Спорт” басылымына берген сұхбатында айтты.
Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) мұндай шешімді 12 ақпанда скелетоншылардың алғашқы жарысы қарсаңында қабылдаған.
ХОК мәліметінше, спортшының дулығасы Олимпиада талаптарына және бейтараптық қағидаттарына сәйкес келмейді. Ұйым ережесіне сай, “Олимпиадалық нысандарда және жарыс өтетін басқа орындарда кез келген саяси, діни немесе нәсілдік насихатқа тыйым салынады”.
Гераскевич дулығаны жаттығу кезінде пайдаланған. Сонымен қатар ХОК оған жарыс аяқталғаннан кейін журналистермен кездесу аймағында дулығаны көрсетуге мүмкіндік берген.
Ұйым өкілдерінің мәлімдеуінше, спортшылар өз көзқарасы мен қайғысын әлеуметтік желілерде, баспасөз мәслихаттарында және сұхбаттарда білдіре алады.
Кейін ХОК президенті Кирсти Ковентридің өтініші бойынша тәртіптік комиссия Гераскевичтің аккредитациясын сақтап қалу туралы шешім қабылдаған. Алайда украиналық спортшы Миланда өтетін Олимпиада жарыстарына қатыса алмайды.
ХОК президенті Ковентри жарыс басталар алдында спортшымен таңертең кездесу өткізген. Reuters агенттігінің жазуынша, кездесу шамамен 10 минутқа созылған.
"Ешкім, әсіресе мен, бұл жолдауға қарсы емеспін. Бұл өте маңызды, еске алу мәні бар үндеу", – деді Ковентри.
Сонымен қатар ХОК спортшыға қаралы таңғыш тағу немесе дулығаны жарысқа дейін және кейін көрсету сияқты ұсыныстар жасап, ымыраға келуге шақырған.
"Өкінішке қарай, ортақ шешімге келе алмадық. Мен оны жарыс жолында көргім келді", – деді ХОК президенті.