AAPL
172.1 $
2.14 %
TSLA
900.09 $
4.68 %
NDAQ
190.42 $
2.06 %
GOOGL
121.68 $
2.39 %
FRHC
57.85 $
0.75 %
AAPL
172.1 $
2.14 %
TSLA
900.09 $
4.68 %
NDAQ
190.42 $
2.06 %
GOOGL
121.68 $
2.39 %
FRHC
57.85 $
0.75 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бизнес жасау менікі емес сияқты": Асхат Тарғын өмірі мен өнердегі жаңалықтарымен бөлісті

Әнші Асхат Тарғын қанша ән жазса да, хит болатынын туынды таппай әлек. Соңғы жылдары тыңдарман талғамын түсіне алмай жүрген ол өнерде неге наразы екенін айтып, Stan.kz тілшісіне ағынан жарылды.

– Асхат аға, шығармашылық жаңалықтан бастайықшы. Қандай жаңалығыңыз бар?

– Шығармашылық ақырындап жүріп жатыр. Әндер жазудамыз. Жаңа жылға дейін екі бейнебаян түсіру жоспарда бар. Қазір үйдің құрылысы жүріп жатқандықтан шығармашылық кішкене тоқтап тұр.

Жаңа үлкен үй салып жатыр екенсіз. Құтты болсын! Үй салу оңай ма әлде қиын ба? Қашан бастаған едіңіз?

– Иә, 2019 жылы бастаған едім. Бірақ кейін карантин басталып, жұмыстың бәрі тоқтап қалды. 2006 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданында әке-шешеме үй салып берген едім. Сол кезде үй салудың үлкен жұмыс әрі қиыншылығы көп екенін түсініп, “енді үй салмаймын, сатып аламын” деп айтқан едім. Алайда ат баспаймын деген жерін қайта айналып он рет басады дегендей болды. Алматыға келіп, үй салып бастап кеттік. Қазір ішкі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жаңа жылға дейін кіру жоспарда бар. Дегенмен адамның емес Алланың қалауы болады. Бұйырғанын көреміз. Қазір тұрып жатқан үйім болғандықтан да асықпай салып жатырмыз.

– Үйдің дизайн, жобасы, эскиздерімен кім айналысуда?

– Негізінде үйдің жобасын келіншегім екеуміз ақылдасып жасадық. Интернеттен қарадық, достарымыз үй салып жатыр, олардікін де қарадық. Соның бәрін құрастырып, ойластырдық. Енді ішкі дизайн сызуға арнайы маман жалдасам деген ойым бар. Таныс дизайнерлер бар. Соларға қолқа салып, қымбат болмаса да орта бағадағы дизайнмен жұмыс жасауға ниеттеніп отырмыз. Бізге сол жарайды. Ауылдағы әке-шешемді қолыма алғым келеді. Мынау көп қабатты үйге келмейді. Сондықтан осындай кең үй салып жатырмыз. Келіншегім екеуміздің мақсатымыз – ата-анамыздың батасы мен разылығын алу.

– Әдетте өнер адамдарының әйелдері құрылыстың бас қасында жауапты болып жүреді. Үйдегі жеңгеміз қаншалықты бұл іске жауапкершілік жүктелген?

– Әрине, әйел адамның араласқаны дұрыс қой. Ақылдасып шешкен жөн. Қатты қымбат емес, арзан да емес, ортақол үй салу екеуміздің де мақсатымыз.

– Әріптестеріңіздің әйелдері Instgram-да “жұлдыз” болып жүр. Сіздің келіншегіңіздің аса қызығушылығы жоқ па әлде сіздің тарапыңыздан тыйым салынған ба?

– Келіншегім теледидарға да, Instаgram-ға да аса қызықпайды. “Сен шығып жатырсың, сол да жетеді. Мен осылай қарапайым бола берейін” деп қояды. Ол да дұрыс шығар.

– Жұбайыңызбен Еуротур жасап келдіңіз. Бұл кімнің идеясы болды?

– Күтпеген жерден болды. Екеуміздің де жоспарымызда жоқ еді. Бір күні достарымыздың билет алатынын естіп, келіншегіммен ақылдасып, бізде жолға шықтық. Үй салып, күйбең тіршілікпен жүргенде демалысты ұмытып кетеміз ғой. Сол олқылықтың орнын толтырдық десем де болады.

– Әлбетте шетелге барған адамның ойы, идеясы өзгеріп тасып келеді. Сіз осы сапардан қандай өзгерісте, идеяда келдіңіз?

– Ол рас. Ойымыз бен көп нәрсеге көзқарасымыз өзгеріп келеді. Тіл білмеген қиын екен. Әр шетелге барған сайын ағылшын тілін үйренуге ниеттеніп келемін. Бірақ келген соң күйбең тіршілікпен ұмытып кетемін. Алайда қанша ел араласам да, Қазақстандай ел таппаймын. Өз еліме ештеңе жетпейді.

– Асхаттың өнерден басқа бизнесі бар ма?

– Жоқ, ешқандай бизнесім жоқ. Жалпы бизнес жасау менікі емес сияқты. Әуелі Алла, одан кейін халықтың арқасында нәпақамызды тауып жүрмін. Қазір келіншегім баламен отыр. Алдағы уақытта балалар сәл өскен соң өзінің бизнесін бастағысы келеді. Егер бір кәсіп бастаймын десе тек қолдаймын. Еш қарсылығым жоқ. Қаржы жағынан демеуші болуға дайынмын.

– Тұңғышыңыз Алматыда өнерде оқып бастаған еді. Қазір нешінші курсқа келді? Өзіңізбен дуэт айтып, сахнаға толық бейімдеу деген жоспар жоқ па?

 Иә, қазір үшінші курсты бітірді. Әрине, сахнаға шығамын десе қолдауға дайынмын. Бірақ қыз балаға бұл сала ауыр екені құпия емес. Сондықтан өзінің шешімін сыйлаймын, құптаймын.

– Жаңа Қазақстаннан жаңашылдықты байқап жүрсіз бе?

– Аса қатты байқалып жатқан жоқ. Десе де президентіміз жақсы жұмыс жасап жатыр.  Көп басшылардың жеп кеткен ақшасы мемлекетке қайтып жатқанын интернеттен оқып, көріп жүрміз. Бұл да болса жақсы нәтиже деп ойлаймын. Халықтың жағдайы жақсы болғаны дұрыс қой. Әлі де Президентімізден үміт күтеміз және қолдаймыз.

– Ақшаға қаншалықты ұқыптысыз? Ақшаны басқару дегенді қалай түсінесіз?

– Ақшаны жөнсіз жұмсамау керек. Біздің үйде алатын нәрсені келіншегім екеуміз ақылдасып, ақшаны есептеп жұмсаймыз. Өзім ішіп-жемесем де әке-шешеме жіберемін. Қолдан келсе, бауырларыма да көмектесіп тұрамын. Ысырап етіп, бейберекетсіз жұмсағанды ұнатпаймын.

– Сіздің үйде қаржы министрі кім? Ақша шығынын есептейсіздер ме?

– Үйде көп ақша ұстамаймыз. Тапқан табысымыз қазір үйдің құрылысына жұмсалуда және белгілі мөлшерін жинақ банккіне саламыз. Шығынымызды есептеп жүреміз.

– Қазір TikTok-тан шыққан жастар трендте. Тіпті, ең сұраныстағы әншілерден солардың қатарынан шығуда. Ал сізде ол әлеуметтік желіні бағындыру жоспарда жоқ па?

– TikTok-ты ашып қойдым. Бірақ мүлдем қолданбаймын. Иә, қазір жастар сол жақтан да танымал болып жатыр. Ол жаққа жұмыс жасау үшін видеоны түсіруді, монтаждауды үйрену керек сияқты.

– Трендтегі әнші болу үшін қандай ән жазу керек?

– Бұл сұрақтың жауабын білмеймін. Көп ән жазылып жатыр. Ішінде әлі іліп алып, хит болғаны жоқ. Кейбірі тіпті орындалмай қалып қоюда. Бәлкім, “Ұйқым келмейді” деген сияқты әндер жазу керек шығар?! Бірақ оған менің намысым жібермейді. Мұндай мағынасыз, болмайтын әндер жазуға ұяламын.

– Өзіңіз айтып отырған “Ұйқым келмейді” әні туралы не айтар едіңіз? Жалпы қалай қабылдадыңыз?

– Шынымды айтайын, мен бұл әнді қабылдамадым. Тыңдадым да күлдім. Болды.

– Сіздің ойыңызша, неге осындай жеңіл, мағынасыз әндер хит болып, ал патриоттық немесе мағынаға толы әндер мен әншілерге деген сұраныс төмен болады?

– Иә, хит болатын шығар. Бірақ ғұмыры қысқа болады. 1-2 айда ұмытылып кетеді. Сахнада жүрген соң мағыналы лирикалық да, патриоттық да әндер айтылу керек. Мағынасыз әндердің ғұмыры 1-2 ай ғана болады. Тыңдаушы халық қой. Өзі таңдап саралап алады.

Сұхбаттасқан: Жанар Тайырқызы

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр