Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жұмыс жоқ, мектеп жабылған: Халқы жаппай көшіп, қаңыраған ауылдар Қазақстан картасынан жойылуда

Солтүстік Қазақстан облысында 14 ауыл ел картасынан жойылған. Бұл ауылдың тұрғындары дәріхана, мектеп, тіпті қарапайым дүкендердің жоқтығы мен жұмыссыздық салдарынан қалаға көшуге мәжбүр болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Бүгінде жергілікті билік те шағын елді мекендерді дамыту бюджетке тиімсіз екенін айтады. 

“Жұмыс жоқ, жағдай жасалмаған соң халыққа күн көру қиын. Таза ауыз суының болмауы, мектептердің жабылуы халықтың көшуіне себеп болды. Мал ұстау да қиын. Сол себепті бәрін сатып біз де көшуді жоспарлап отырмыз”, – деді Коваль ауылының тұрғыны Ирина Кочеткова.

Он үйге де жетпейтін ауылда дүкен, дәріхана болмағандықтан тұрғындар азық-түлік пен керек-жарақ алу үшін осыдан 35 шақырым жердегі аудан орталығына баруға мәжбүр. Ал Ресей шекарасынан небәрі екі шақырым жердегі ауылда тұрған бірнеше ұлттың өкілдері тарихи отандарына қайта оралған.



“Кезінде бұл ауылда немістер де, поляктар да, орыстар да, қазақтар да тұрған. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін бәрі жан-жаққа кетті. Ауылда өмір сүру қиындап кетті. Мал ұстаймыз, бірақ оны бағатын жер жетпейді, шабындық та жоқ”,- деді тағы бір тұрғын Владимир Денисов.

Мамлют ауданында тағы да осындай 10 ауыл бар. Бұл ауылдар Қазақстан картасынан алынып тасталса да, тұрғындардың тұруына еш кедергі жасалмайды.

“Заң бойынша халық саны елуден аз болса, ауылды округ орталығына қосамыз. Ауылдың нақты аты болмайды. Бірақ халық сол ауылда тұра алады. 1 отбасы қалса да, оларды ешкім ешқайда қумайды. Соңғы адам кеткенге дейін жол да тазаланады, нан мен су да жеткізіледі”, – деді Мамлют ауданы әкімінің кеңесшісі.

Солтүстіктегі 600-ден артық елді мекеннің тең жартысының ғана болашағы бар деп танылған. Тіпті 100-ден астам ауылда халық саны 50 адамға да жетпейді екен. Ал тұрғын саны он адамға толмайтын отыз ауыл картадан жойылып кетудің алдында тұр. Үш жылда еліміздің солтүстігінде 14 ауыл таратылып кеткен.

Талқылау