Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Грузияда көз жұмған Әсел Айтбаеваның ісі: Қыздың ата-анасы бас прокуратурадан істі жеделдетуді сұрады

Грузияда қайтыс болған Әсел Айтбаеваның ата-анасы тергеудің созылып кеткенін айтып, бас прокуратурадан істі жеделдетуді сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап.

Тбилиси прокуратурасы "қызды зорлады" деп сыртынан айыптаған Мұрат Мейірбековтің ісін қазақстандық құқық қорғау органдарына бермей жатыр. Марқұм Әсел Айтбаевадан алынған сараптама қорытындысы мен басқа құжаттарды да алу қиынға соғып тұр. 

"Осы іс әлі бітпей жатыр. Прокуратураға келгенім, осы істі жалғастырып, көмектессінші дедім. Кейбір құжаттар Грузиядан келген жоқ. Іс ана жақта, олар мені қайтадан шақыртады. Грузиядан іс келмей жатыр. Өзі әкетті, өз басымен істеді, мойнымен көтерсін деп отырмын. Мен қызыма былай істе деп жіберген жоқпын", – дейді марқұм Әсел Айтбаеваның анасы Айсұлу Айтбаева.

Әсел Айтбаеваның анасы Бас прокурордың қабылдауын және қылмыстық іске араласуын сұрап арызын жазып кетті. Олар Қазақстанда өтетін сот процесіне Грузия тергеушілерінің қатысқанын қалайды. Ал отырыстың қай кезде басталатыны беймәлім. 

Сондай-ақ Айсұлу Айтбаева соттың ашық және онлайн емес, дәстүрлі форматта өтуін талап етіп отыр. Десек те, Елорданың соты бүгінде істерді қашықтан қарайды, сот залына ешкім жіберілмейді. Негізі денсаулық сақтау министрлігі оларға процестерді оффлайн өткізуге рұқсат берген. Нұр-Сұлтан қазіргі уақытта "жасыл аймақта". 26 жастағы Әсел Айтбаева Грузияда көлік сататын компанияда жұмыс істеген. 5 мамырда оның денесі Тбилисидегі көпқабатты үйдің ауласынан табылды. 

Қыз өлер алдында фирма басшысы Бесик Тордуаның үйінде болған екен. 57 жастағы күдікті темір торға тоғытылғанымен, екі жарым айдан кейін миына қан құйылып, қайтыс болды. Ал марқұмды Грузияға жұмысқа орналастырған Мейірбеков қазір "Адам саудасы" бойынша қамауға алынған. Тбилиси прокуратурасы Әселдің аудиожазбасына сүйеніп, оған сырттай "адам зорлады" деген айып тақты.

Талқылау