Головкинді “Гена” деп атауды тоқтатыңыздар: Спорт журналисі үндеу жасады

Фото: instagram.com/gggboxing
Спорт журналисі Аян Төлеген өз Telegram-арнасында күтпеген үндеу жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алдымен ол Геннадий Головкинді World Boxing ұйымының президенті лауазымына тағайындалуымен құттықтап, артынша танымал боксшының есіміне қатысты маңызды пікір білдірді.
Журналистің айтуынша, енді Геннадий Головкинді “Гена” деп атауды қою керек. Бұл үндеуі әсіресе журналистер мен жанкүйерлерге тікелей қатысты екенін атап өтті.
“Тағы бір маңызды жайт. Бұл, ең алдымен, журналистер мен жанкүйерлерге арналған үндеу. Материалдарыңызда, жазбаларыңызда немесе трибунадағы айқай-шуларда Головкинді "Гена" деп атауды тоқтатыңыздар. Ол — 43 жаста және ұзақ жылдар бойы әлемдік спорттағы ең құрметті тұлғалардың бірі. Біз ең алдымен өзіміз оның еліміздегі және халықаралық аренадағы орнын лайықты құрметтеуіміз керек”, – деді Аян Төлеген.
Еске салсақ, Геннадий Головкин Римде өткен World Boxing басшысын сайлау барысында жеңіске жетіп, ұйымның президенті болып бекітілді. Сайлауда GGG жалғыз кандидат болды. Конгреске қатысқан мүшелер оны бірауыздан қолдап, дауыс беру нәтижесінде жоғары лауазымға тағайындады.
Осылайша, Геннадий Головкин халықаралық спорт федерациясын басқаратын тұңғыш қазақстандық ретінде тарихқа енді.
Қазақстанда тұрғын үйлердің сапасын кім тексереді және өз үйінің қауіпсіз емес екенін білгендер қайда жүгіне алады

