Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ғашық болдым да алып қашып кеттім": Қос қолынан айырылған азамат сүйіктісімен қалай бас қосқанын айтты

Қазақтың Ник Вуйчичі атанған Азамат махаббат хикаясын баяндап берді. Қолы шолақ болса да, өмірі шолақ емес. Жігері мықты, махаббаты шексіз. Махаббаттың барына сенетін Азамат үш перзент сыйлаған жарымен қалай танысқанын, қалай ғашық болғанын айтып берді.

Бұл туралы "Астарлы ақиқат" бағдарламасында айтылды. 

Астары терең, ақиқаты бір тақырып - ол махаббат. Екі дененің бір бүтін болуын феномен дерсіз. Дәл осы сезім үшін өмір сүрмек керек. Махаббаттары баянды, бақытты жұп өз махаббат хикаясын баяндады. 

Қазақтың Ник Вуйчичіне айналған азамат дүниеге сап-сау келген. Бірақ 7 жасында оны тосыннан тоқ ұрып, қос қолдан айырды. Тоқ Азаматты жерге құлатса да, жігерін мұқата алмаған. Екі жыл жансақтау бөлімінде жатқан ол өмірге өкпелемей жақсылардың жолын өкшелеген. Спортқа қызығып жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. 

Азамат тек спорттағы жеңістерімен шектелмейді. Оның өміріндегі басты жеңісі - отбасы. Қазақтың Вуйчичі өз бақытын тауып, бүгінде бақытты да баянды ғұмыр кешіп жатыр.


 “Аянышты көзбен қарағанын қаламаймын”: Бала күнінде екі қолынан айырылған жігіт Мейрамбекті бір көруді армандайды


"Мен жарыммен туған күн кешінде таныстым. Ортақ дос қызымыздың туған күнінде таныстым. Бір жылдай аға-қарындас болып, кейін отбасын құрдық. Мен оны бір жылдан соң алып қашып кеттім. Алдымен келісімін алдым. Бүгінде үш баламыз бар. Жарыма алғысым шексіз. Сүйіп қосылған жарым. Бәрінің әйелі менің әйелімдей болсын", - деді Азамат. 

Шындығында Азаматтың жары Ажар күйеуін өмірде кездеспей тұрып та білген. Азаматты теледидардан көріп ұнатқан екен.

"Мен бағдарламадан Азаматты көріп қалдым. Маған ұнады. Егер кездесіп жатсақ, егер мені ұнатып жатса, жары болуға дайын болар едім деп ойладым. Бірақ оны ұмытып кеттім. Арада бір жыл уақыт өтті. Құрбымның туған күнінде кездейсоқ таныстық. Сол таныстық сезімге ұласты. Бүгінде ерлі-зайыптымыз", - деді жары Ажар.

Талқылау