Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Есепшотқа қол сұғуы мүмкін": Мамандар қоғамдық орындағы тегін Wi-Fi-ға қосылмауға кеңес берді

Кофехана мен қонақүйлер, қоғамдық орындарда тегін Wi-Fi желісіне қосылу қауіпті. Себебі хакерлер тегін интернет қолданушылардың жеке деректеріне қол жеткізуі мүмкін. Сондықтан мамандар қазақстандықтарға қауіпсіздік шараларына аса мән беруге кеңес береді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Stan.kz

Сарапшылар гаджетке антивирус бағдарламасын орнатып, қорғалмаған желілер арқылы қаржы транзакцияларын жасамауға шақырады.

Азамат Телпекбаев жақында кәсіп бастап, кофехана ашқан. Ішіне тегін Wi-Fi орнатыпты. Өйткені келушілердің көбі жұмыс істеп отырып тамақтанады дейді.

“Кофеханада Wi-Fi жақсы жұмыс істейді. Келушілер көбейсін, оларға ыңғайлы болсын деп әдейі орнаттық. Тегін желіміз ешқалай қорғалмаған. Келушілердің барлығы қосыла алады. Әзірге жеке дерегіне қол сұғып, алаяқтарға ұрынғандар кездеспеді”, – деді кәсіпкер Азамат Телпекбаев.

IT саласының мамандары кибершабуылшылар алдын ала тегін Wi-Fi-ды бұзып, дайын отыратынын жеткізді. Қаскөйлер кофехана, мейрамхана, қонақүй клиенттері интернетке қосылғанда, барлық деректі қолдарына түсіретін мүмкіндікке ие. Сондықтан жеке ақпаратыңыз жария болып, есепшотыңыздағы қаражатқа қол сұғу қаупі басым дейді кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығының сарашылары.

“Митм-шабуыл дейміз. Домен ауыстыруы да болуы мүмкін. Сол себепті тегін Wi-Fi-ларды қауіпсіз деп айтуға болмайды. Интернет банкинг, әлеуметтік желі қолданбаған дұрыс. Қандай да бір сезімтал деректерді жібермеу керек. Тек хабарлама жіберіп, Wi-Fi қолжетімдігінен шығу керек”, – деді кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығының жобалық дирекция жетекшісі Ернат Атанбаев.

Бұдан бөлек хакерлер зиян бағдарламаны жалпыға ортақ Wi-Fi арқылы пайдаланушының гаджетіне енгізе алады. Бұл бағдарламалар тегін желіден ажыратылғаннан кейін, пайдаланушының жеке деректерін тасымалдағаннан кейін де жұмыс істей береді. Егер құрылғыңыздың жұмыс істеуі баяулап, өзі қосылып-өшсе немесе қызып кетсе, демек телефоныңызға вирус кірді деген сөз. Жарнамалар жиі пайда болып, мегабайтыңыз әдеттегіден тезірек азайса, алаяқтардың шырмауына түскеніңізді білдіреді.

Талқылау