Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Енді Қазақстанда шетелдік спортшылардың еңбекақысы мемлекеттік қаржыдан төленбейді

шетелдік спортшыларды бюджет қаржыландырмайдыФото: pixabay.com

Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев спорт саласын қаржыландыру тәсілі қайта қаралып жатқанын мәлімдеді. Айтуынша енді тиімсіз шығындар қысқартылып, шетелдік спортшыларды мемлекет қаржыландырмайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Маусым айынан бастап "Дене шынықтыру және спорт туралы" заңға өзгерістер енгізіліп, күшіне енген. Енді ойын спорт түрлеріндегі кәсіби клубтарды бюджеттен қаржыландыруға лимит қойылған. Министрлік өкілінің айтуынша, бұл шара клубтарды демеушілер тартуға және бюджеттен тыс қолдаудың басқа да түрлерін іздеуге итермелеуі тиіс.

"Өңірлік спорт басқармалары мен ұлттық федерацияларға "1 өңір – 1 клуб – 1 спорт түрі" қағидатын ұстану ұсынылды. Бұл бюджет шығындарын оңтайландыру және қайталануды болдырмау мақсатында енгізілуде", – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Жаңалықтардың бірі – шетелдік спортшылардың еңбекақысы мен олардың шығындарын өтеу үшін мемлекеттік және квазимемлекеттік қаражатты пайдалануға тыйым салу. Министрлік бұл шешім легионерлерге қарсы бағытталмағанын атап өтті. Алайда мемлекет енді олардың келісімшарттарын қаржыландырмайды.

"Егер клуб шетелдік ойыншыны шақырғысы келсе, ол үшін қаржыны өз бетінше табуы керек", – деп түсіндірді ведомство.

Бұдан бөлек, министрлік халықаралық ірі турнирлерде ұлттық құрамалардың нәтижелері негізінде қалыптастырылған басым спорт түрлерінің тізімін бекітті. Алғаш рет бұл тізімге 11 ұлттық спорт түрі енгізілді. Енді олар мақсатты қаржыландыру мен даму мүмкіндігіне ие болады.

Сондай-ақ заңға I топ мүгедектігі бар спортшыларға еріп жүруші тұлғаларға құқық беру нормасы енгізілді. Енді олар ресми түрде жаттығулар мен жарыстарға қатыса алады.

Сонымен қатар спорт ұйымдары басшыларының лауазымында болу мерзімі бес жылмен шектелді. Кадр жетіспеген жағдайда ротация бір облыс шегінде жүзеге асады.

Министрлік атап өткендей, бұл шаралардың барлығы қазақстандық спортты қолдаудың ашық әрі тұрақты жүйесін құруға бағытталған. Жаңа ережелердің орындалуын бақылау барлық деңгейде жүргізіледі.

STAN.KZ
Бейсенбі, 24 Шілде, 2025 09:38
Талқылау