Елорда төрінде ерекше жандарды қолдауға арналған спорттық турнир өтті
Фото:Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқарамасы
12 желтоқсан күні елордада “Қамқорлық пен Заң” жобасы аясында спорттық турнир өтті. Іс-шара “Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күніне” байланысты ұйымдастырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстың негізгі мақсаты мүмкіндігі шектеулі жандар мен жұмысшылар арасындағы ынтымақтастық пен өзара түсіністікті нығайту.
Турнирге прокуратура қызметкерлері, сондай-ақ тірек-қимыл аппараты, есту және көру қабілеті зақымданған қатысушылар қатысты.
Фото:Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқарамасы
Астана қаласы әкімдігіне қарасты мүгедектігі бар азаматтарға арналған “Елорда” спорт клубының басшысы Жарқынбек Хаиитдин Нуридинұлы шараның әлеуметтік маңызына тоқталды.
“Бұл шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз – дамыған елдердегідей мүгедектігі бар адамдардың құқықтары басқа азаматтармен тең екенін көрсету. Біздің елімізде де олар – қоғамның толыққанды мүшелері. Ең бастысы –оларды қолдау, қорғау және жұмысшылармен арадағы ынтымақтастықты нығайту”, – деді ол.
Сарыарқа ауданы прокуратурасының бөлім басшысы Закарин Тарханның айтуынша, құқық қорғау қызметкерлері ерекше жандарды тек қадағалау ғана емес, осындай шаралар арқылы оларды қоғамға бейімдеуге де атсалысады.
“Бүгін қала прокуратурасы, Сарыарқа ауданы және жергілікті атқарушы органдар бірлесе отырып, ‘Заң және тәртіп’ тұжырымдамасы аясында спорттық іс-шара ұйымдастырып отыр. Қатысушылардың басым бөлігі – мүгедектігі бар азаматтар, олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар. Прокуратура тек қадағалау саласында ғана емес, әлеуметтік осал топтарды қоғамға бейімдеу бағытында да жұмыс істейді. Спортшылардың бапкерлері мен ұйымдастырушыларға ерекше алғысымызды білдіреміз. Шараның басты мақсаты – бірлік пен достық”, – деді ол.
Турнир барысында жолдастық матчтармен қатар асық ату, тоғызқұмалақ, футзал және үстел теннисінен жарыстар өтті.
Фото: Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқарамасы
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Фото: Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқарамасы
"Өліп қала жаздаған кездерім болды": Қарызға батып жезөкше болған қазақстандық табысы туралы айтты