Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Екеумізге ғана билет болмай қалды": Толқын Забирова жолдасымен қалай танысқанын айтып берді

Танымал әнші Толқын Забирова алғаш рет отбасы мен өмірлік жары туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Алғашқы” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Болашақ күйеуі әншіге бірінші болып хабарласқан. 

“Біздің қара шаңырақта телефон жоқ болатын. Мені концерттерге шақырып қалатын болғасын, анамның сіңлісі Света әпкемнің үйінде тұрып жүрдім. Ол үйде де адам көп. Жұмыстан келетін, сабақтан қайтатын студенттер де жататын. Бір кезде 23:45-те телефон шалады. Ұйықтап қалғанбыз. Сафар Бабаев хабарласып тұр. Атырауға концертке шақыру үшін хабарласқан беті екен. Ол кезде “Қазақконцерттің” бастығы болатын. Үлкен кісі өзі іздеп тұрғанда қатты сасқалақтап қалғаным бар. “Ертең таңда Атырауға ұшуымыз керек” деді. Мен бірден келісімімді бердім. Негізі Бақтияр Тайлақбаев оған Бақыт Шадаева екеуміздің нөмерімізді беріпті. Бақыттың телефоны бос болмай, маған звондаған екен. Сол жерде Бақыт тұтқаны көтергенде менің бармай қалуым мүмкін еді”, – дейді әнші. 

Өнер иесінің айтуынша, екі жастың сезімі сол сапардан бастау алған көрінеді.

"Біз Атырауға "Тамаша" театрымен бардық. Әртістер кешкісін кері ұшып кетуі керек еді. Бірақ ұшаққа 2 билет жетпей қалды. Содан мен қалдым, Сафар да "администратор болғаным үшін мен қаламын, тығыз шаруам жоқ” деді. Әйтеуір Алла тағала бізді "отырсын, асықпай әңгімелессін, жақынырақ таныссын" деген шығар. Алматыға бес күннен соң әрең жеттік”, – деп еске алады әнші. 

Сондай-ақ әнші жолдасының бірінші отбасы болғанын да жасырмайды. 

“Біз тұңғыш баламызды 5 жыл күттік. Сол аралықта өте көп жыладым. Сафардың бірінші әйелінен бір ұлы бар. Ол кезде ол бала он үште. Жылаған сайын "енді сен мені қалдырып кететін шығарсың, мен саған бала тумадым" деймін. Сафар күліп, "Жындысың ба, не әңгіме, мен жақсы көремін ғой" деді. ...Рустам үш жаста болғанда, олар ажырасқан. Бірақ ол ешуақытта баласын қалдырған емес", – деп жолдасын мақтады әнші. 

Талқылау