Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Егер зауыт жабылса, 600 адам жұмыссыз қалады": Оралда "Кублей" зауыты мен әкімдік арасында дау шықты

Орал қаласындағы "Кублей" зауыты 3 жылдан бері әкімдікпен соттасып жатыр. Өндіріс ошағы зауыт маңындағы санитарлық аумақта көпқабатты тұрғын үй салуға заңсыз рұқсат берді деп жергілікті билікті айыптап отыр. Қос тараптың бітімге келе алмауынан қарапайым халық жапа шегуде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Айбат" жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап. 

зауыт

Осыдан үш жыл бұрын құрылыс компаниясы зауыт маңында тұрғын үй салуға әкімдіктен рұқсат алған. Кейін үлескерлердің қаржысына көп қабатты үйлердің құрылысы басталған.

Барлығы 400 отбасы құрылыс компаниясына қаржыларын берген. Зауыт сотқа шағы түсіргенге дейін компания екі үйге тұрғындарын қоныстандырып үлгерген. Алайда зауыт жұмысшылары қаладағы ең ірі кәсіпорын жабылса, жұмыссыз қалулары мүмкін екенін айтады. 

"Егер зауыт орнын ауыстырса, біршама жұмыс тоқтап қалады. Қанша отбасы жұмыссыз қалады", – деді зауыт жұмысшысы Аманжол Жоламанұлы.

Зауыт әкімдіктің қателігі үшін жауап бермейтіндерін алға тартқан. Сөздерінше, бастапқыда құрылысқа рұқсат беріп олқылыққа жол берген. 

Қазір зауыт маңында тыныштық сақталмайды, жүк көліктері толассыз келеді екен. Кәсіпорынның 600-ге жуық жұмысшысы келешекте тұрғындар шағым түсіріп, зауыт жұмысына қарсылық білдіре ме деп қорқады. 

"Құрылыс компаниясының заңсыз әрекет тыйылмай тұр. Сот тоқтатқан жұмыстарды өз беттерінше жалғастырып жатыр. Мақсаты – үйді тезірек салып, тұрғындарды қоныстандыру. Көпшіліктің зауыт жұмысына шағымданатыны анық", – деді зауыт заңгері Гүлфия Қалиева. 

Консерві өнімдерін шығаратын зауыттан түрлі зиянды қалдық шығатыны белгілі. Бұған қарамастан әкімдіктің кәсіпорын маңына үй салуға қалай рұқсат бергені түсініксіз. 

"Құрылғылары бар, . Бұл үйлер заңдастырылған жағдайда, зауттың кері әсеріне байланысты азаматтар арыз жазады. Сондықтан зауытқа басқа орынға көшуге тура келеді", – деді жер құқығы саласындағы заңгер Бақытжан Базарбек. 

Ал шенділер сол кезде құрылысқа рұқсат берген архитекторды жұмыстан шығарғандарын мәлімдеді. Бірі үйсіз, бірі жұмыссыз қалудан қорыққан адамдардың мәселесін енді сот шешеді. Ал құрылыс компаниясы өздерінің де опық жегендерін алға тартты. 

"Бірнеше рет зауыт басшылығымен келісім жасауға тырыстық. 30 пәтерді тегін ұсындық. Алайда мұнымен келіспей, үш үйді сүріп тастауды талап етіп отыр", – дейді құрылыс компаниясының адвокаты Светлана Кленина.

Талқылау