Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Дүкенге кеткен ұлым әскерден бір-ақ шықты": Ақтауда жігіттерді әскерге көшеден күштеп әкетіп жатыр

Әскерге шақырылғандардың анасы редакцияға баласын әскери комиссариатқа күштеп, заңсыз алып кеткенін және жібермей жатқанын айтып, шағымданды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі mangystaumedia.kz. порталына сілтеме жасап. 

Жәнияның айтуынша, нан алу үшін дүкенге кеткен ұлы әскерден бір шыққан.

"Түскі сағат 12.00 шамасында ұлым қоңырау шалды. Ол өзін әскери комиссариатқа алып кеткенін айтып үлгерді. Оның тек жасын сұрап, 18-ге толғанын естіп, бірден автобусқа апарған. Осылай көшеден күштеп алып кететіндей елде соғыс жағдайы жоқ қой?! Тіпті балама қылмыскердей қарайды", – дейді ол.

Маңғыстау облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті әскерге шақыру бөлімінің бастығы Талғат Сарбасовтың айтуынша, әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босатуға негізі жоқтар ғана алынады.

"Биыл 1 наурыздан бастап 30 маусымға дейін Ақтау қаласында жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері, Ұлттық ұланының әскери қызметшілері және Ақтау қаласының жергілікті әскери басқару органдарымен рейдтік іс-шаралар жүргізіледі. Мерзімді әскери қызметке шақырылғандарды іздестіру және жеткізу, шақыру науқаны кезінде мүмкін болмағандарға шақыру қағаздарын жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Рейд барысында әскери есепке алуды және әскери міндетті белгілеу мақсатында әскер жасындағы жігіттерге сауалнама жүргізілуде. Жеке куәлік пен жеке сәйкестендіру нөмірі бойынша тіркелген мәліметтер тексеріледі. Әскери қызмет өткеруді кейiнге қалдыру немесе босату туралы мәлiметтер белгiленбеген жағдайда, азамат жергiлiктi әскери басқару органдарының шақыру учаскесiне жеткiзiледi. Жергілікті әскери басқарма аумағында ұялы телефондарды пайдалануға тыйым салынады", — деді Талғат Сарбасов.

Талқылау