Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Досхан Жолжақсынов: Президент Тоқаев аздап мінез көрсетсе екен деймін

Досжан Жолжақсынов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бойындағы басшылық қасиеттері жайлы сөз етті. Актер бүгінгі заман мінезді басшыны талап ететін заман дейді. Ал елбасы Назарбаевқа амандық тілейді. 

Бұл туралы “Қасқа жол” бағдарламасында айтылды.

Актер Досхан Жолжақсынов бүгінгі заман өткенмен салыстыруға келмейді деп кесіп айтты. Заманға сай патшаның мінезді болуы талап етіледі дейді халық әртісі. 

“Әлихан Бөкейхановтың ұлт болмысы деген мақаласында мінез туралы айтылады. Ұлтты сүйетін адамда мінезді болу керек екенін сөз етті. Әл-Фараби елді философ басқаруы керек дейді. Ол кездегі философ ағартушы, әділ адам екен. Онымен қоса ол имам болу керек депті. Имам ол кездегі түсінікте ел бастаушы. Әбіш Кекілбаевтың тілімен айтсақ, сардар да, ділмар да, елдар да бір өзі. Қасым-Жомарт Кемелұлында осының барлығы бар, бірақ кейде мінез көрсетсе екен дейсің. Себебі бүгінгі заман мінезді талап етеді. Ел басқарушы адамда мінез көрсетілу керек секілді”, – дейді Жолжақсынов. 

Халық әртісі елбасыға денсаулық мен амандық тіледі. 

“Елбасыға денсаулық тілеймін. Амандық тілеймін. Ол кісінің кемеңгер басшы екенін мойындаймыз. Тәуелсіздік алу жолында атқарған еңбегін, ерлігін білеміз. Елінің, мемлекетінің тарихи жолдарынан өтті. Салиқалы өмірі өтіп келе жатыр”, – деді ол. 



Досхан Жолжақсынов қазіргі дін жолында жүрген азаматтарға көңілі толмайды. Тіпті оларды өткен күннің имамдарымен салыстыруға келмейді дейді. 

“Бұрын бізде Нұрмолда дейтін кісі болды. Имамға деген құрмет ерекше еді. Имам келе жатыр десе, бәрі жүріс-тұрысын өзгертіп, жағасын түзеп, артық-ауыз әңгімені қойып, күлмей тынышталып, құрмет көрсететін еді. Ол кісімен амандасудың өзі мәртебе еді. Сырт киімінен-ақ молда екенін аңғаруға болатын. Тазалықтың көрінісіндей. Үстінен бір иіс шығатын. Әтір де емес, сабын да емес. Не иіс екенін әлі күнге дейін біле алмадым. Сондай ғажап иіс. Мен дін жолындағы адамды солай елестетемін. Ал қазіргі дін жолындағы адамдарды салыстыра алмаймын”, – дейді ол. 

Актер ұшақта діни басқарманы басқарған мүфтимен сапарлас болғанын сөз етті. Алайда қиын сәтте ел қолдау күткен бас имамнын әрекетіне көңілі толмаған екен. 

“Бірде діни басқарманы басқарған бір мүфтимен бірге ұштық. Ол кісі газет оқып отырды. Бәр сәтте ұшақ дірілдей бастады. Жолаушылар шошып, айқайлай бастады. Бәрі қорғаныш белбеуін тағып жатты. Мен де тағып жатып әлгі кісіге қарадым. Ол кісі газетін оқып отыра берді. Сол жерде елді сабырға шақыратын адам еді. Ел басқарып отырған имамның сол әрекетіне көңілім толмады”, – деп кейіді. 

Актер қазіргі сәнге айналған тоқал тақырыбынан айналып өткен жоқ. Халық әртісі бұны азғындықтың белгісі деп атады. 

“Тоқал алу ойымда да жоқ. Оны дұрыс деп те есептемеймін. Бұрынмен салыстыратын уақыт емес. Ол кезде заман да, адам да, тоқал да басқа. Қазіргі тоқал алу ол азғындықтың белгісі. Әркім өзінше ақталуға тырысатын шығар. Мен солай ойлаймын. Мен оны түсіне алмаймын”, – деді ол.

Талқылау