Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Disney Жетісу полициясына шағым түсіре алады": Министрлік өкілі авторлық құқық жауапкершілігі туралы ескертті

Жетісу облысының полициясы Фото: Видеодан скрин

Қазақстан Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқықтары комитетінің төрайымы Шолпан Абдреева мемлекеттік органдар Disney сияқты студиялардың мультфильм кейіпкерлері қатысқан роликтерді өз ресми аккаунттарында жариялағанда заң бұзылатынын ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жақында әлеуметтік желілерде Жетісу облыстық полициясының видео ролигі талқыланған. Онда жасанды интеллект арқылы жасалған "Аңдар шаһары" мультфилімінің кейіпкерлері полиция қызметкерлерінің жұмыс күнін көрсеткен. Олар форма киіп, қызметтік көліктерге отырып, бөлімдерде болып, жабдықтарды үйренген.

Бұл жарияланым мамандар мен әлеуметтік желі қолданушылары арасында сұрақ тудырды. Олар ведомствоның шетелдік студиялардың кейіпкерлерін рұқсатсыз қолдануға қаншалықты құқы бар екенін талқылады.

Алайда Әділет министрлігі мұндай жағдайда құқық иесі Қазақстанда толық көлемде талап қойып, заң бойынша жауапқа тарта алатынын еске салды. 

Абдрееваның айтуынша, Қазақстанда авторлық құқық жұмыс жасалған сәттен бастап заңмен қорғалады. Ал қорғалған кейіпкерлерді қолдану үшін жасанды интеллектпен болсын, қолмен болсын өңделсе де құқық иесінен ресми рұқсат алу керек. 



"Егер біреу мультфильм кейіпкерлерін заңсыз қолданса, заң бойынша жазалануы мүмкін. Бізде авторлық құқықты бұзғандар азаматтық немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады", – деді ол.

Абдреева кез келген кейіпкерді заңды түрде қолдану үшін Чебурашка, Алдар-Көсе немесе шетелдік студиялардың кейіпкерлері болса да, автордан немесе құқық иесінен алдын ала рұқсат алу керек екенін еске салды.

“Егер рұқсат алынбаса, жауапкершілік туындайды. Құқық иесі жауапкершіліктің түрін өзі шешеді. Бұл азаматтық талап болуы мүмкін немесе қылмыстық іс қозғалуы да мүмкін", – деді комитет басшысы.

STAN.KZ
Сейсенбі, 09 Желтоқсан, 2025 17:42