Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Далада қалған ағайынға көмек берілетініне сенемін": Димаш Құдайберген су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау білдірді

ҚР халық әртісі, әнші Димаш Құдайберген су тасқынынан зардап шеккендерді қолдап, халыққа үндеу жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: https://www.instagram.com/kudaibergenov.dimash/

Өнер иесінің айтуынша, қысылтаяң сәтте бірлігіміз бен татулығымыз маңызды.

"Наурыздың соңғы күндері күн күрт жылынып, Ақтөбе облысы аймағында және еліміздің тағы бірқатар өңірінде тез еріген қар суы қарқынды түрде сай-саланы толтырып, автокөлік жолдарын шайып, бірнеше елдімекендерді су басыпты. Көптеген отбасылардың баспанасы тұруға жарамсыз болып қалған. Сондай-ақ Ақтөбе аймағында өзендердегі мұз еріп, су қоймаларындағы су деңгейінің көтеріліп, өзендердің арнасынан асу қаупі жоғары екен. Мұның себеп, салдарын құзырлы мекемелер анықтап, мәселенің түйінін шешу жолдарын іздестіре жатар. Мемлекет тарапынан үйлерін су шайып кетіп, далада қалған ағайынға толыққанды көмек көрсетілетініне сенім мол. Тап қазіргі сәтте қиналғанға қол ұшын созу ең басты парыз. От пен су – тілсіз жау. Қысылтаяң сәтте бауырларымызға қол ұшын созып, бірлігімізді көрсетейік, ағайын", – деп жазды әнші. 



Эстрада жұлдызын қолдап, дүниежүзінің түкпір-түкпірінен тыңдармандары жарыса пікір жазып жатыр. 

“Туған жеріңізде болған жағдайға қатты өкінеміз, құрметті Димаш! Осы бір сәтсіз уақытта бауырларыңызға кең жүректер көмектессе екен деп дұға етеміз. Отбасыңыз аман болсын деп үміттенеміз. Біз сізге Чилидегі Ла Серенадан күш жібереміз” деп жазып жатыр жанкүйерлері. 

Айта кетейік, еліміздің бірнеше өңірін су басып, халық қауіпсіз жерге көшірілді. "Қазгидромет" жақын арада су тасқыны болатын өңірлерді де болжады

 

Талқылау