Бұрынғы Туризм және спорт министрінің ағасы ел чемпионатында төрешілерді соққыға жықты (видео)
Бұрынғы Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың туған ағасы Ақтаудағы турнирде төрешілерді соққыға жықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақтауда өтіп жатқан бокстан жастар арасындағы Республика чемпионатында жаттықтырушы Ерік Маржықпаев бас төреші мен қатардағы төрешіні ұрып тастады. Аталған сәттін видеосы әлеуметтік желіде пайда болды. Ерік Маржықпаев бұрынғы спорт министрі Ермек Маржықпаевтың туған ағасы. Төбелеске нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз. Алайда, Маржықпаевтың бас төреші Бақытжан Бекпенбетовты бірнеше рет ұрғанын анық байқауға болады. Орын алған оқиғаға байланысты Ермек Маржықпаевтың бұрынғы кеңесшісі, спорт сарапшысы Диас Ахметшәріп пікір білдірді.
“Иә, келеңсіз оқиға орын алды. Бұл Ерік Маржықпаевтың спорттық мінез-құлқына жат әрекет. Өз кезегінде Ерік Маржықпаев өз әріптестерінен, төрешілерден кешірім сұрады. Бұл туралы федерацияның өзі ресми түрде хабарлайды. Мен Маржықпаевтар отбасын жақсы білемін, олар боксшылар әулеті. Ерік Маржықпаевтың өзі ұлдарын боксқа баулып, олар биіктер белестерді бағындырды. Рахат Маржықпаев – жастар арасында әлем чемпионы, Аят Маржықпаев – Азия ойындарының жүлдегері және әскери қызметкерлер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Маржықпаевтардың үлкен ағасы Берік Кеңес Одағының спорт шебері. Бұл спорт, мұнда эмоциялар орын алады. Менің ойымша, спортта бәрі болуы мүмкін, бірақ мұндай мінез-құлыққа жол берілмейді. Ол кешірім сұрады және Қазақстан бокс федерациясынан шеттетілетін болады", - деді Ахметшәріп.
Айта кетейік, бұған дейін боксшы Жанқош Тұраровты чемпиондық атағынан айырылғанын жазған едік.
Алматыда оқу ақысы 5 миллион теңге болатын элиталық мектепте оқушыларға шикі тамақ берілген

