Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл – балалардың болашағына балта шабу": Кәсіпкерлер балаларға арналған тегін үйірмелердің жабылуына наразылықтарын білдірді

Алматы облысында президенттің тапсырмасымен ашылған тегін үйірмелер жабылғалы жатыр. Себебі, облыстық әкімдік оларды қаржыландыратын ақша жоқ дейді. Ал бұл үйірмелерге 58 мыңға жуық бала барып, өнердің түр-түрін меңгеріп жүрген. Енді осы 1954 үйірмені ашқан кәсіпкерлер, мамандар мен балалардың тағдыры қыл үстінде тұр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.  

үйірме

Жиналғандардың барлығы – Алматы облысының әр аудан, ауылында үйірме ашқан жеке кәсіпкерлер. Сөздерінше, кәсіптерін былтыр мамыр айында бастаған. Енді ашылғандарынан жабылғандары тез болайын деп тұр. Себебі, ақылы үйірмеге баласын беруге ата-аналардың жағдайы жоқ дейді. Балаларды тегін үйірмемен, мамандарды жұмыспен қамтыған Алматы облысының әкімдігі қалайша президенттің тапсырмасын орындамайды деп наразы. 

"Президентіміз айтқан жолдамасының барлығы қайда қалды? Осы балаларды оқытамыз деп даярланған үйді, оны мектепке айналдырудың өзі де үлкен еңбек екені неге естен шығарылады", – Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны, үйірме басшысы Қырғауыл Тәкейқызы.

"1600-ге жуық оқушыны тегін оқумен қамтамасыз етіп жатырмыз. Кешегі күні бізге ақпарат келді, қаржыландыру тоқтады деп. Енді мұны балаларға қалай жеткіземіз? Балалардың болашағына балта шабу ғой, былай қарасаңыз", –  деді үйірме басшысы Биболсын Жексенбекұлы.

Жиналғандарды әкімдік өкілдері мәдениет үйіне шақырып, үйірмелерді қаржыландыруға "облыста қаражат жоқ" деп бірден ашып айтты. Сөздерінше, 48 мыңнан астам бала тегін үйірмемен қамтылған. Оған былтырдан бері төрт миллиардқа жуық ашқа бөлініп, толықтай игерілген екен. 

"Барлық 57 600 баланы тегін үйірмемен қамтамасыз ету үшін осы жылға 14 миллиард теңге қажет болады", - дейді Алматы облысы әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев. 

Бір үйдің өзінен 3-4 бала тегін үйірмеге баратын отбасылар көп. Ертең оларға үйірмеге қаражат төлеуге шамалары келмейді деген ата-аналар да, кәсіпкерлер де президенттің тапсырмасы айтқандай орындалсын деп сұрайды. Ал облыстық әкімдік өкілдері республикадан қаражат сұрау үшін Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаевамен жиын өткізілетінін жеткізді.
 

Талқылау