"Бүркеншек тауар" ретінде экспортталған: Қазақстан шекарасында жанармайды бақылау күшейтілмек
Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр ел шекарасында жанар-жағармайды экспорттауда бақылауды күшейтуді тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Үкіметте Роман Склярдың төрағалығымен ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өтті. Жанар-жағармай нарығындағы биылғы нәтижелері бойынша еліміздің оңтүстік өңірлерінде АИ-92, АИ-95 бензині мен дизель отынын тұтыну айтарлықтай өскен.
“Бұған негізгі себеп болып отырған жағдайлар – көрші елдермен салыстырғанда, Қазақстандағы баға айырмашылығына байланысты мұнай өнімдерінің сыртқа кетуі және "сұр экспорт". Бұдан бөлек, соңғы уақытта шекарада сұранысқа ие мұнай өнімдерінің "бүркеншік тауарлар" ретінде экспортталғаны тіркелген”, – делінген хабарламада.
Ішкі нарықта тапшылықты алдын алу үшін Роман Скляр Қаржылық мониторинг агенттігі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп шекаралық өткелдерде жанар-жағармайды әкетуді бақылауды күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар Энергетика министрлігіне экспорттауға рұқсат етілген мұнай өнімдерінің тізімін жаңартуды және отандық мұнай өңдеу зауыттарында мұнай өнімдерінің тұрақты өндірісін қамтамасыз етуді тапсырылды.
Бұған дейін Қазақстанда бензинді сыртқа шығаруға және автокөлікпен алма әкелуге тыйым салынған еді.