Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бурабайға демалысқа барған оқушы ағашқа соғылып көз жұмды

Астанадағы Қ.Сәтбаев атындағы Бином мектебінің 10-сынып оқушылары 5 мамыр күні жалдамалы автобуспен Бурабайға барған. Сапар барысында велосипедпен серуендеген оқушы оқыс оқиғадан қайтыс болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: freeimages.com

Ата-аналар комитеті мен сынып жетекшісі мектеп әкімшілігінен рұқсат алмастан оқушыларды Бурабайға апаруға шешім қабылдаған. 

Оқушылармен бірге баруға тиіс екі ата-ана дәл сол күні жеке шаруаларына байланысты шықпай қалған. Нәтижесінде ата-аналар жалға алып берген автобуспен 18 оқушы және қазақ тілі пәнінің мұғалімі мен сынып жетекшісі аттанған. 

Автобус Бурабайға сағат 9.00 шамасында жеткен. Оқушылар Абылайхан алаңын аралап, екі сағаттай серуендеген соң 11.00 кезінде тамақтанып, қайтадан алаңға оралған. Сол жерде 12 оқушы жалға берілетін квадроциклды тебуге келіседі. Ал екі оқушы автобустың ішінде қаламыз деген. 

Сәлден кейін автобуста қалған екі оқушы сыртқа шығып, өз беттерімен велосипед жалға алып, серуендеуге кеткен. 13.40 шамасында екі оқушының біреуі қыздарға видеомен звондап, досының ағашқа соғылып қалғанын жеткізген. Ұстаздары олардың қай жерде екенін білмегендіктен, велосипед жалға берушіден оқушыларды тауып беруін сұрайды. 

Екі оқушы 14.49 шамасында табылып, ұстаздары бірден полиция мен жедел жәрдемге хабарлады.

Баланың қайтыс болуы туралы нақты мәліметтер (себебі, жарақаттың сипаты және қайтыс болу уақыты) әзірге белгісіз.

Ақмола облысы полиция департаменті кәмелет жасына толмаған баланың қайтыс болғанын растады. Қазір осы дерек бойынша іс қозғалған. 

"Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала анықталғандай, бала жалға алған велосипедпен ағашқа соғылған. Соның салдарынан алған дене жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Қазір сараптама тағайындалып, тергеу амалдары қолға алынды", — деді ведомстводан.

Талқылау