Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өміріне қастандық жасалған Жапонияның бұрынғы премьер-министрі қайтыс болды

Ел алдында сөз сөйлеп тұрған кезде өміріне қастандық жасалған Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэ қайтыс болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Ол 67 жаста болатын.


Синдзо Абэ

Синдзо Абэ Нара қаласында жасалған қастандық салдарынан Нара университетінің ауруханасында қайтыс болды.

Абэ 2006-2007 және 2012-2020 жылдар аралығында Жапонияның премьер-министрі қызметін атқарған. Ол ел тарихындағы бұл қызметте ең ұзақ қызмет еткен адам болып қалады.

Еске салайық, Жапонияның экс-премьер-министрі Синдзо Абэ жергілікті уақыт бойынша сағат 11:30-да (Нұр-Сұлтан уақытымен 08:30) Нара қаласының орталығындағы көшеде сөз сөйлеген болатын. Бір сәтте екі рет оқтың атылған дауысы шығып, бұрынғы премьер-министр есінен танып қалды.

Кейін Нара университетінің ауруханасы Абэнің жеткізілгенін растады. Жапонияның қазіргі премьер-министрі Фумио Кишида жоспарланған іссапарларынан бас тартып, Токиоға келді.

Оны атқан азамат қылмыс орнында ұсталды. Күдікті Нара қаласының тұрғыны Тецуя Ямагами болып шықты, ол 2005 жылға дейін жапон теңіз флотының өзін-өзі қорғау күштерінде үш жыл қызмет еткен. Ол өзінің алғашқы куәлігінде саясаткердің жұмысына көңілі толмағанын айтып, оны өлтіргісі келгенін жеткізген.

Талқылау