Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аралардан қашып, суға түскен азамат пираньяларға жем болды

Бразилияның Минас-Жерайс штатының 30 жастағы тұрғыны пираньяларға жем болды. Ол арадан қашып суға секірген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС басылымына сілтеме жасап. 

пиранья

Үш дос көлдің жағасында балық аулап отырғанда қайдан ұшып келгені белгісіз, бал арасының үйіріне тап болған. Ер адамдар арадан қашып, суға секіргенін айтады. Олардың екеуі жағаға аман-есен жеткен, бірақ үшіншісі суға бата бастаған. Өкінішке қарай, достары оған көмектесе алмаған. 

Аман қалған екеуі өрт сөндірушілерге болған оқиғаны хабарлаған. Кейін ер адамның денесі жағалаудан төрт метр жерден табылған. Оны судан шығармас бұрын көлде жыртқыш балықтардың бар-жоғын сұрағанда, тұрғындар пираньялардың көп екенін айтқан. 

Денені көлден алып шыққанда, балықтар ер адамның оң жағын бетін және денесінің өзге де бөліктерін жеп қойғаны белгілі болды.

Тергеу нәтижесі оның балықтар шабуылынан немесе суға тұншығып өлгенін көрсетуі тиіс. Мәйітті жерлеу үшін туыстарына берген. 

Пиранья – аузы үлкен және тістері өте көп кішкентай жыртқыш балық. Оның астыңғы жағы шығыңқы келеді, ал тістері артқа қарай майысқан. Әдетте бұл балықтар үйірімен жүреді. 

Көбіне-көп бұл балықтар оңтүстік аймақтарды мекендейді, алайда 2009 жылы Англияның оңтүстік-батысындағы Девон өзенінен өлі пиранья табылған. 

Пиранья шабуылынан өлгендер сирек. Алайда 2015 жылы Бразилияда балықтар 6 жасар қызды жеп қойған. Бұдан екі жыл бұрын балықтар суға шомылған аргентиналықтарға шабуыл жасап, саусақтарын тістелеп тастаған. 

Талқылау