Соңғы жаңалықтар

"11 жасымнан бастап елші болуға қадам бастым": Бразилия елшісі дипломат болу үшін не қажет екенін айтты

Stan.kz ақпарат агенттігі Бразилия Федеративті Республикасының елшісі Рубем Корреа Барбозамен сұхбаттасты. Екі ел арасындағы қарым-қатынас, елшілердің жұмысы, Бразилия жайлы бірқатар қызықты деректерді бөлісті. Сондай-ақ, елші бразилиялық асхана, орыс тілін үйренуі жайлы айтты. 

Бразилияның Қазақстан Республикасындағы Елшілігі Нұр-Сұлтан қаласында 2006 жылы ашылды. Рубем Корреа Барбоза Қазақстанға 2020 жылдың 3 наурызында келген. 

  Дипломат ретіндегі мансап жолыңыз қалай басталды? Осыған дейін қайда, қай елдерде жұмыс істедіңіз?

  Анамның зейінді басшылығымен ерте жасымнан дипломат боламын деп шештім. Осылайша, 11 жасымда осы бағытта мансап құруды жоспарладым. Менің елімдегі ең қатал деп танылған Бразилия дипломатиялық Академиясына түсу емтиханын тапсыру үшін өте көп оқу қажет болды. Сондай-ақ, күнделікті оқуды жалғастырып отыру керек, себебі елдер, жалпы әлем тоқтаусыз дамиды. Осыған дейін Оттава, Лагос, Лиссабон, Богота, Лос-Анджелес, Канберра, Джакартада дипломат болып қызмет еттім, қазір Нұр-Сұлтан қаласында Бразилия Федеративті Республикасының елшісі ретінде орнықтым.

  Бразилия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты қалай бағалайсыз?

  Екі ел арасындағы қарым-қатынас әрқашан жағымды әрі құрылымды болып келді. Сауда мен инвестицияның өсуіне мүмкіндіктер бар, ал екі ел үкіметі ядролық қаруды таратпау, терроризмге қарсы күрес, шекараны қорғау, туризм мен спортты дамытуға қатысты мүдделес болып отыр.

  Бразилияда елшілер қалай таңдалады және тағайындалады? Оларды қалай оқытады, елшілер үшін арнайы курстар бар ма?

  Елшілер әртүрлі тапсырмаларды орындау үшін Бразилияның Сыртқы істер министрі тарапынан шақырылып, сайланады. Республика президентіне олардың аты-жөні ұсынылады, қабылдаушы жақ тізімді бекіткен соң қажетті "агреман"  (бір мемлекеттің басқа мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінің басшысы ретінде белгілі бір адамды тағайындауға алдын ала келісімі - авт.)  сұралады. Елшілер Бразилия Федералды Сенатының сыртқы істер және қорғаныс жөніндегі комиссиясының алдынан өтуі керек. Олар мақұлдаған жағдайда президент белгілі бір елде жаңа елші тағайындай алады.

  Қазақстан сияқты елдің бар екенін қашан білдіңіз? Осыған дейін Қазақстанды қалай елестеттіңіз?

  Қазақстанды алғаш рет 1991 жылы Тәуелсіздігін жариялаған кезде білдім. Содан бері кәсіби қызығушылығыммен экономикалық жетістіктерін бақылап отырдым. Осы жетістіктер елімнің үкіметінің Бразилия елшілігін Нұр-Сұлтанда 2006 жылы ашуына себеп болды. 

Бразилияда Қазақстан дегенде көбінесе табиғи ресурстар көз алдыңа елестейді. 2009 жылы Бразилия президенті бұл елге ресми сапармен келді, бұл Латын Америкасы президентінің Қазақстанға алғашқы сапары болды.

  Қазақтардың асханасына үйрендіңіз бе? Қандай ұлттық тағамдардың дәмін таттыңыз, Бразилия асханасынан айырмашылықтарын байқадыңыз ба?

  Қазақ асханасымен толықтай қанығуға мүмкіндік болған жоқ, оған себеп - пандемия мен енгізілген шектеулер қалыпты өмір сүруге кедергі болды. Осыған орай елге келгелі бері сыртқа шығуға көп мүмкіндік болған жоқ. Бразилияда қолжетімді халықаралық асхананың дәмін ғана татып көрдім. Бразилия асханасы: негізінен еттен, құс етінен, күріш пен ерекше дәмі бар бұршақ тұқымдастардан тұрады, бұл тропикалық ауа райына байланысты болады.

  Қазақстанда сізді таңғалдырған жайттар болды ма? Сіз әлі де үйренбей келетін елдің тұстары бар ма?

  Қазақстанның өзі де, халқы да мені қатты таңғалдырды деп айта алмаймын. Ел туралы, оның тұрғындары жайлы осы жаққа келмей тұрып оқып біліп алдым. Covid-19 пандемиясы салдарынан әлі күнге дейін саяхаттай алмай жүрмін. Алайда Нұр-Сұлтанда бірқатар жақсы адамдармен таныстым. Бұл - заманауи әрі шабыт беретін идеяларға толы зиялы адамдар. Олар жұбайым екеуміздің ел астанасында өзімізді еркін сезінуге жағдай жасады.

  Қазақстанда басыңыздан өткен қызық оқиға жайлы айтып берсеңіз

  Бірнеше ай оқшауланған соң серуендеуге мүмкіндік болған жоқ, сондықтан осы уақыт аралығында орыс тілін үйрендім. Оны қазақ мұғалімі, өте еңбекқор, өз ісіне адал, талапшыл қыздан үйренудемін. Тілді үйренудегі ілгерілеуім осы кісінің арқасы. 

  Көптеген туристің Бразилияға саяхаттауға қорқақтайтыны жасырын емес. Шынымен де ел "криминалды беделімен" танылған ба?

  Бразилия жыл сайын 6,5 миллион туристі елге қабылдайды, олардың көбі елге бір емес, екінші, үшінші рет келіп жатқандар. Бразилия - халық саны бойынша алтыншы, территориясының ауқымдылығы бойынша бесінші ел. Әрине, оқыс оқиғаларды алдын алу мүмкін емес. 

Менің елім және оның халқы ұзақ мерзімді достық кейіпін, саяхат пен сұлулықтың образын қалыптастырғаны арқасында шетелдіктер бізге қонаққа асығады, солардың ішінде көшіп келетіндері, тұрақтап қалатындары бар. Туристік индустриямыз дамыған сайын шетелдіктерді де құшақ жая қарсы алатын боламыз, соның ішінде Қазақстан туристерін де. 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр