Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Блогер Қадырбаев: Назарбаев мектебін бітірген 140 түлектің ішінде жалғыз өзім грантқа түспей қалдым

Белгілі блогер Жансерік Қадырбаев Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі. Айтуынша, аталған оқу орны жастардың өсуіне көп мүмкіндік береді. Білімгерлерге бүкіл жағдай жасалған, тек оқысаң болды, дейді Қадырбаев. Алайда жасалған жағдайға қарамастан, Қадырбаев мектепті тәмамдаған соң, ЖОО-ға грантқа түсе алмай қалған. Блогер биылғы түлектерге ақыл-кеңесін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Аман Тасығанның “TalkLike” жобасына сілтеме жасап хабарлайды. 

"Назарбаев мектебінде оқығаныма мүлдем өкінбеймін. Оны айту маған "за падло" емес. Көзімді ашты. Сені тәрбиелейтін нәрсе - орта. Ортаң ауданда отырып, шемішке шағып, өткен-кеткен адамға тиісу болса, сен де сол деңгейде қаласың. 

Ал егер ортаң алға ұмтылып тұратын, белгілі бір нәрсе жасап, дәлелдеуге тырысатын адамдар болса, сен де олардан қалыспауға тырысасың. Мысалы, мен НИШ-қа түскен кезде ағылшынша бір сөз білмеймін. Барсам, онда балалар сабақты ағылшынша өтіп жатыр. Жан-жақтан жиналған үздіктер. Мен олардың қатарында үздік болдым дей алмаймын. 

Спортқа да, білімге де мықты. Ағылшынша музыка тыңдап, фильм көріп, кітап оқып, жарты жылдың ішінде ағылшынды солардың деңгейіне жеткіздім. Өйткені қалып кеткің келмейді", – деп бөлісті Қадырбаев.
Оның айтуынша, аталған оқу ордасы жастарға көп мүмкіндік береді. 

"Спорттық жарыстардан, білім сайыстарынан балаларды шетелге шығарды. Әр мектепте солай болса екен деп қалайсың. 

500-700 бала болса, әр баланың жеке ноутбугы болатын. Саған сондай мүмкіндік жасалып тұрса, қалай оқымайсың?" – дейді ол. 

Десе де, жасалған жағдайға қарамастан, Қадырбаев жоғары оқу орнына грантқа оқуға түсе алмаған. 

"Өмірдегі жетістігің мектептегі аттестат пен университеттегі дипломға ешқандай тәуелді емес. НИШ-та оқыған 140 оқушының ішінен жалғыз өзім грантқа түсе алмай қалдым. Өз еріктерімен түспей, шетелге кеткендер болды. Ал мен шын мұқтаж болып, қалап тұрып, түсе алмадым. Ата-анам бір айлыққа қарап отырған кісілер. Анам - мұғалім, әкем - электрик. Жылына оқуға 2-3 млн теңге беріп тұратын олардың ақшасы болмады. Сол үшін маған грантқа түспеу "катастрофа" болды.

Бірақ өмірдің құндылықтары мүлдем басқаша екен. ҰБТ, емтихан, сессия деген өмірдің майда сұрақтары. Мен сынып қалдым. Алғашқы екі апта деуге болатын шығар, көңіл күйім болмады. Жалғыз менің емес, бүкіл түлектердің ойы сол, қазір ҰБТ-дан басқа оларға алатын асу жоқ. ҰБТ-ны алсақ болды деп ойлайды", – дейді Қадырбаев. 

Талқылау