Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бізді жек көретін күзетшілер киімдерімізді бүлдіріп кетті": Ninety one тобы қызықты хикаяларын айтты

Ninety one тобы жуырда продюсер Ерболат Беделханмен келісімшартты бұзды. Бүгінде жеке дара жұмысты бастаған жігіттер Беделханмен "сәлемдері түзу" екенін айтады. Сөздеріне қарағанда, араларында ешқандай кикілжің болмаған. Тек "ұядан ұшатын уақыт" келгендіктен, бөлініп шыққан. "Қызық Live" бағдарламасында қонақ болған жігіттер осы жылдар ішінде басынан өткен есте қаларлық хикаяларымен бөлісті. 

"Астанада өнер көрсеттік. Сахнада болған кезде, күзетшілер тобы гримеркаға кіріп, бізді жек көргендіктен, бүкіл киімдерімізге су шашып кеткен. Неге шырын емес, неге су деп ойладық. Зияны тиетін бірдеңе болса мейлі екен", – деп еске алды жігіттер.

Топтың ең кенже мүшесі Bala сан түрлі проблемаға ұрынған көрінеді. Осы жылдар ішінде жасаған тентектігі аз емес. 

"A.Z, Ace үшеуміз бір көлікте отырдық. Ал достарымыз бір мейрамханада болды. Ace ішке кіріп кетті. Бір қызықтан қалып бара жатқан сияқты, сол ой ішімді жегідей жеді. Мен де шошаңдап шығып, жүгіріп барып, есік ашық тұр деп ойлап, басыммен есікке соғылған кезде ар жағындағы терезе шашылып кетті", – деп еске алды Bala. Әйнекті сындырған әнші тез арада ізін суытқан. 

"Біз іште отырғанда бірдеңенің даусы шықты. Келсек, жердің бәрінде шыны жатыр. Сыртқа шықсам, Bala шақырып тұр. "Әйнекті мен шақтым" дейді. Бірақ ол біздің досымыздың мейрамханасы еді. Бұлай кетіп қалуға болмайды дедім", - деп еске алды Ace.



Алайда әріптесінің ескертпесіне қарамастан, Bala мейрамханаға қайта оралмаған. 

"Ақшасын тікелей бермей-ақ қояйын деп, үйге кетіп қалдым. Кейін ақшасын басқа жолмен беріп жібердім", - дейді өзі. 

Бұдан өзге, алғаш құрылып, дебют алған соң, топ жігіттері қаржыдан қысылғандарын жасырмайды. Олар ақша табуға берілген әр мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысқан. Мәселен, продюсердің көлігімен такси қызметін көрсеткен. 

"Ол кезде бірінші "Айыптама" трегін шығардық. Фототүсірілімге түстік. Сол ғана бар. "Орда" тобы фестивальге шығуы керек болған. Біз бірге бардық. Ерболат аға көліктің кілтін беріп: "Тұраққа қоя салыңдаршы", – деді. Ол кезде мүлдем ақшамыз жоқ. "Таксист болып ақша табуға шықтық", – деп еске алды Zaq.

Ең қызығы, жолақысына 200 теңге беруге келіскен алғашқы жігіт Q-pop өкілдерін бірден таныған.  

Талқылау