Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бірнеше қазақ жігітті қамап қойды": Пәкістандағы босқын қазақтар ел үкіметінен жәрдем күтеді

Пәкістан билігі елде заңсыз тұрып жатқан миллиондаған шетел азаматтарын депортациялау жөнінде шешім қабылдады. Босқындардың басым бөлігі – көрші Ауғанстаннан әртүрлі жылдарда көшіп келгендер. Олардың арасында Пәкістанның Карачи қаласында тұратын этникалық қазақтар да бар. Олардың сөзінше, елшілік Астанадан жауап күтіп отқанын, ел билігі бірнеше қазақтарды қамағанын да айтады. Stan.kz тілшісі жат елде өлместің күйін кешіп жүрген қандастарымыздың қазіргі жағдайларын сұрап білді. 

Карачи қаласының тұрғыны Хамит Жорабайдың айтуынша, Пәкістандағы жағдайлары өте нашар. Босқындарды өзбек немесе қазақ, ауған деп бөліп жатқан жоқ екен. 

"Қазір үйге қарай жұмыстан әрең жеттім. Полицейлер үй-үйді аралап, тексеріп жүр. Біздің баспанамызға келген жоқ. Біздің айналамыздағы үйлерді де тексеріп кетіпті. Тіпті, бір-екі қазақ жігітті қамап қойды. Бәрімізді Ауғанстанға депортациялауы мүмкін", – дейді ол.

Сөзінше, Пәкістанда тұрып жатқандарына 40 жылдан асқан. Бірақ  жеке бастарын растайтын құжаттары жоқ. 

"Тек қана Ауғанстанның бұрынғы билігінен қалған құжатымыз бар. Онда бізді "ауған" деп көрсеткен. Елшілікке де құжаттарымыз бойынша айтып, барлық мәліметтерімізді бердік. Бүгінде біздің тағдырымызды Пәкістанның билігі шешпек. Олар бәрімізді ұстап алса, Ауғанстанға немесе Иранға, тіптен қамап қойса да өздері біледі. Онсыз да үйде қамалып жатқанымызға бір айдың жүзі өтті", - дейді сұхбат беруші.  

Кейіпкеріміз елшіліктегі барлық қызметкерлеріне хабарласып, жағдайларын бүге-шүгесіне дейін түсіндірген. Бірақ ешқайсысынан нақты жауап жоқ. 

"Елшіге біздің құжаттарымызды қабылдамай жатқандарын да айттым. Мәселеміз шешілмейтін сияқты ғой. Елші Астанадан жауап күтіп отқандарын жеткізді. Мен ештеңе түсіне алар емеспін. Былтыр бізден ДНҚ сынамаларын алды. Қазақ екендігіміз де дәлелденді ғой. Сонда да Қазақстанымыздан нақты әрекет көрінбейді. Пәкістандағы кейбір ауған босқындарын Еуропа елдері әкетіп жатыр", – дейді 30-дан асқан ер азамат.

Айтуынша, Пәкістан билігі төрт қазақ жігітті ұстап алған. Оларға ақша беріп, әрең дегенде шығарып алыпты.

"Рейдтік шаралар әлі де жүріп жатыр. Ауданымызда көптеген полицей келіп кетеді. Не істерімізді білмей қалдық. Осы суреттегі екі жігіттің басы-қасында болып, қамаудан шығардық. Кейін әкелерін де ұстап әкетіпті. 

Күнкөрісіміз күннен-күнге қиындап барады. Біздің тұрақты жұмысымыз жоқ. Бұрын да жағдай аса мәз емес еді. Екі айдан бері тіптен нашарлап кетті. Жұмысқа шыққанға да қорқамыз. Әрқайсымыз әр жерде тығылып жүрміз. Қазақтар бұрынғыдай жинала да алмай қалдық", – дейді 40 отбасының аманатын арқалаған қандасымыз.

Оның айтуынша, биліктің әрекетінде Палестина мен Израильдың арасындағы қақтығыстардың қатысы жоқ дейді. Тек босқындарды елімізден тазартайық деп жатыр екен. 

"Пәкістан жұрты да кетуімізді жаппай қолдап жатыр. Біздің босқын мәртебеміздің құжаттарының мерзімі өтіп кеткен. Бізді елшіліктен жауап келмесе, ауған деп танып, Ауғанстанға жібере салады. Ел билігінің неге мұндай қадамға барғанын түсіне алмадық", - деп ол сөзін аяқтады.

 

 

Қадырбек ӘУЛИЕАТА
 

Талқылау