Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бір секундтан соң көлік жарылып, өртенді: БҚО-да аударылған көліктегі адамдарды полиция қызметкерлері құтқарған

Батыс Қазақстан облысында тас жолда үш адам мінген көлік аударылып кеткен. Жолда өтіп бара жатқан полиция қызметкерлері көмекке асығып, жарылысқа дейін бірнеше секунд бұрын жолаушыларды жанып жатқан көліктен шығарып үлгерді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Жол-көлік оқиғасы салдарынан Желаев кентінің маңындағы тас жолда көлік аударылып кетті. Осы кезде патрульдік көлік өтіп бара жатты, полиция дереу апат болған жерге қарай жүгіріп, жүргізуші мен екі жолаушыны көліктен шығарып алды. Бірнеше секундтан кейін көлік жарылды. Полиция болмағанда көлік ішіндегі жолаушылар көз жұматын еді”, – деді баспасөз қызметі.

Сондай-ақ полиция подполковнигі Арман Сарбалинов пен полиция аға лейтенанты Александр Калиничев көліктің кез келген уақытта жарылып кетуі мүмкін екенін біліп,  өз өмірлерін қатерге тігіп, адамдарды құтқарып қалғаны хабарланды.

"Жол полициясы экипаждары тәулік бойы қала сыртындағы трассаларды патрульдеуде. 15 маусым күні таңғы сағат 04.00-де Желаев ауылы маңындағы Чкалов көшесінде LADA Kalina маркалы автокөлік аударылып кетті. Осы сәтте полиция қызметкерлері төңкерілген көліктегі адамдарды шығара алған. Содан соң көлік бірден жарылып кетті. Көрсеткен ерлігі үшін адамдарды құтқарған қызметкерлер қызметі бойынша көтермеленеді", – деп полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков оқиғаның мән-жайын айтып берді.

 

Талқылау