Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Билет құны бір миллион теңге": Қазақстандық студенттер шекарадан жаяу өтуде

Қазақстандық әуе тасымалдаушылары билет құнын аспандатып жіберді. Кейбір билеттің бағасы тіпті бір миллионға дейін жеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап.

Пойыздар жүрмегендіктен, әуе компанияларына деген сұраныс артты. Әсіресе көршілес мемлекеттерге бару қиынға соғып отыр. Эконом-класс билеттері тез сатылып кеткендіктен, халық қымбат билеттерді алуға мәжбүр. Ал қалтасы көтермейтін студенттер шекарадан жаяу өтпек. Билет құнының қымбаттауы Ресейдің жоғары оқу орындарында оқитын студенттерге қатты әсер етті. 

Елена Шмурыгина биыл Мәскеудегі университетті бітіреді. Пандемия кезінде бітірушіге үйінде, яғни, Өскеменде тәжірибеден өтуге рұқсат етілді. Одан кейін студенттің оқу орнына қайтуы шарт. Алайда билет құнын көрген қазақстандық ару не істерін білмей дал болған. Өйткені бір билеттің бағасы бір миллионға жуықтапты.

"Менің миллион төлеуге ақшам жоқ. Бірақ қалай болса да оқуға қайтуым керек. Жақын арада теміржол ашылады деп үміт артып отырмын", - дейді Елена Шмурыгина. 

Ал Сергей Котовтың әпкесі Санкт-Петербургте оқиды. Әпкесі 17 қыркүйекке дейін ұшып кете алмапты. Рейстер жабық болғанымен қоймай, билеттер де болмаған.

"Біз билеттердің бағасын қарадық. Бизнес-класс бағасы бір миллион. Жарайды бизнесмендер баратын шығар, ақшалары бар. Сонда студенттер не жасауы керек? Эконом-классқа билет алып көруге тырыстық, алайда мүмкін болмады. Әуе компаниялары арзан билеттер жоқ екенін айтады. Желтоқсанға дейін барлық билет сатылып кеткен", - дейді Сергей.

«Эйр Астана» ұлттық әуе тасымалдаушысының баспасөз қызметі бағаның нақты екенін растады. Олар бұл бағалар әлемдік тәжірибеге сүйене отырып қойылғанын айтты. Көптеген жолаушылар жаздан бастап ерте брондау мүмкіндігін пайдаланғандықтан, көрші елдермен байланыс ашыла салысымен эконом-класс билеттері сатылып кетті. Рейстер саны әлі де шектеулі.

"Иә, бизнес-класстың бағасы 1 миллион теңге шамасында. Эконом-класс бағасы 100-ден 300 мыңға дейінгі аралықты құрайды. Сұраныс болғандықтан, арзан билеттер тез сатылып кетті", - дейді "Эйр Астананың" байланыс менеджері.  

Баспасөз қызметі қазіргі уақытта Ресейге чартерлік рейстерді ашу туралы келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты. Ол билеттер арзан болуы мүмкін. Бірақ тараптардың қашан келісетіні белгісіз. Осы арада студенттер, кәсіпкерлер және Ресейде емделуге мұқтаж адамдар одан шығудың амалын іздеуде.

ПТР тестінен өту, шекараға жету, 3 шақырым жаяу жүру, содан кейін таксимен әуежайы бар ең жақын ірі қалаға бару. Және сол әуежайдан керек қалаға ұшу. Алайда, бұл да арзан емес. Жергілікті такси жүргізушілері нарыққа бейімделіп үлгерді. Мысалы, Барнаулға бару үшін - 500 шақырым - олар 100 мың теңгеге дейін алатын болған. 

Талқылау