Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бет-аузы қан-жоса": Түркістан облысында балабақшадағы бүлдіршіннің жамбасы сынған

Түркістан облысында балабақшаға кеткен бүлдіршін ауыр дене жарақатымен ауруханадан бір-ақ шықты. Бір жастан енді ғана асқан баланың жамбас сүйегі сынған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап.

Бұл жағдай Отырар ауданы Шәуілдір ауылында болған. Анасының сөзінше, "Болашақ" бақшасына баратын екінші ұлын таңертеңгісін тәрбиеленушілерді тасымалдайтын жеңіл автокөлікке салып жіберген. Сағат үштерде қоңырау шалып "құлап, жарақаттанып қалды" деген. Бірақ айтқан сөздері мен баланы көргендегі жағдайы қабыспады деп отыр анасы. Тіпті жедел жәрдем шақырмаған. Оның орнына сол маңдағы емшіге жамбас сүйегі салбырап қалғанына қарамастан дем салдырыпты.

“Машинада аяғы қайрылып, қыстырылып қалды дейді. Сол кезде құлап қалды дейді. Біздің ойымызша, оның аяғы қыстырылған кезде жүргізуші жүріп кеткен. Түсіп кетті деп ойлапты енді, көрінбей қалады ғой құлағаннан кейін. Бұл түсті деп ойлағанда жүріп кеткен, сүйреген біраз жерге дейін. Басында үш жерден қып-қызыл гематома, ісіп кеткен. Бет аузы деген қан жоса, сырылған. Аяғы,  сол жақ жамбасы ісіп кеткен, салбырап тұр”, – дейді бүлдіршіннің анасы Ажар Пернебек.

Облыстық балалар ауруханасына шұғыл жатқызылған сәбиге хирургтар ота жасаған. Дәрігерлер баланың жағдайы орташа ауыр екенін жеткізді. Ажар Пернебек сап-сау ұлымды осындай күйге жеткізген кінәлілерді сотқа беремін деп отыр. Ал телефон арқылы тілдескен білім бөліміндегілер бүлдіршін "құлап қалды" дегеннен танбайды.

“Балабақша тәрбиеленушілерін тасымалдайтын "фольсвваген опель" маркалы жеңіл автокөлігінен түсіп, өз тәрбиешісіне қарай жүгірген кезде тасқа сүрініп құлаған. Отырар аудандық полиция бөлімімен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Жалпы балабақша меңгерушісінің тәрбиешілері жауапкершілікке тартылады”, – дейді Отырар аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы.

Талқылау