Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Байден АҚШ әскерінің Ауғанстан аумағынан шығарылу себебін түсіндірді

Джо Байден халыққа жолдауында не себепті Ауғанстаннан АҚШ әскерін шығару туралы шешім қабылдағанын түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “РИА Новостиге” сілтеме жасап.

"Америкалық әскерлер ауғандықтардың өздері соғыспайтын соғысты жүргізбейді”, – деп мәлімдеді ол. 

Байден өзінің саяси мансабында түйгені “әскерді шығарудың тиімді уақыты ешқашан келмейтінін” айтты. Сонымен қатар ол ауған әскері өзін қорғай алмай тұрып, АҚШ әскерінен соғысуды сұрауы дұрыс еместігін жеткізді. 

"Ауғанстанның саяси басшылығы қашып кетті, әскер құлады”, – дейді Байден. 

Осыған қарамастан, Америка президенті бұл шешімге өкінбейтінін және контингентке қойылған мақсаттар орындалады деп санайтынын айтты.

"Біздің Ауғанстандағы миссиямыз ұлтты құру, демократия қалыптастыру болған жоқ. Біздің басты мақсатымыз Америкаға жасалатын терорлық әрекеттің алдын алу", – деді Байден.

Ол Америка Құрама Штаттары 11 қыркүйек оқиғасының қайталануына жол бермейтінін және "әл-Каидаға” Ауғанстанды болашақта шабуылдар үшін пайдалана алмайтынын дәлелдейтінін айтты. 

Америка президенті өз сөзінде Вашингтон Ауғанстандағы одақтастарына барлық жағынан көмек беретінін жеткізді. 

"Стратегиялық қарсыластарымыз Қытай мен Ресей біздің Ауғанстанды тұрақтандыруға миллиардтаған доллар, ресурстарымызды сарп еткенімізді қалайды”, – дейді ол. 

Ол, сондай-ақ Вашингтон Ауғанстаннан одақтастарының мемлекеттік қызметкерлерін эвакуациялауға көмектесуге ниетті екенін атап өтті.

Талқылау