Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Барлық жерде жарылыс болып жатты": Украинадан оралған қазақстандықтар бастан кешкендерін айтып берді

Украинадағы отандастарымыздың бір легі елге жеткізіледі. Қақтығыс орнында болған қазақстандықтар, бастан кешкендерін айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап.

Еске салайық, кеше елге 175 адам аман-есен оралған еді. Өзге қалада тұратындары Алматыдағы қонақ үйге орналастырылып, ас -сумен қамтамасыз етілген.

Балагүл Майлыбекова ұлын Киевке оқуға жіберген ана.19 жасар баласының жайын ойлап 6 күннен бері күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған.  

“Телефонмен сөйлестік. Бәрі жақсы ана, Қазақстанның елшілігінде барлығы қамтамасыз етілген. Бізді уақытында алып кетті деді.  Қатты қорықтық. Енді қазір күтіп, қуанышымызда шек жоқ. Қазақстан елшілігіне алғысымыз шексіз”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Балагүл Майлыбекова.

Катовице қаласынан Атырауда аялдамай, 6 сағатта ұшып келген отандастарымыздың алғашқылары терминалдан түнгі 11 де шыға бастады. Оралған 175 қазақстандықтардың ішінде 6 нәресте, кәмілетке толмаған 15 бала бар. Шоқан Мұстафин да 23-ақпанда Киевке қонаққа ұшып барған. Әскери қақтығыс басталған кезде, өзге қазақстандықтармен бірге қонақүйдің жертөлесіне тығылыпты.

“Кейін соғыс басталғанда Киевтің әкімшілік айтқан нұсқауларға бағындық. Қазақстан елшілігі айтқан нұсқауларды орындадық. Елшілік жақсы жұмыс істеді.  Барлығымызды жеткізді, тамақ болды. Жолдың арасында Украина халқы да көмектесті. Сонымен жеттік”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Шоқан Мұстафин.

Отандастарымыз Украинаның әр түпкірінен Польшаға бірнеше күн жүріп әзер жеткен. Тіпті, шекараға дейінгі кептеліс ондаған шақырымға созылыпты. Ал, атыс-шабысты өз көзімен көргендер көзіне жас алып, не көргенін айтып берді.

“Барлық жерде жарылыс болып жатты. Снаряд жарықшалары үйлерге түсіп жатыр. Халық жертөлеге тығылуда. Өте қорқынышты. Жан-жақтан тарсылдаған дауыстар естілді. Түтіндер, от жанған шет жағынан”, – дейді олар.

Соңғы болып "Аir Astana" әуе компаниясының президенті Питер Фостер шықты. Ол да Украинаға жұмыс бабымен барып, сонда қалып қойған. Енді ол елге қайтам деген қазақстандықтардың барлығын көшіріп бітпейінше, репатриациалық рейстерді тоқтатпаймыз деп отыр.

“Сапардың қаншалықты қиын болғанын түсіндіру үшін айтайын: жолдың соңғы жүз шақырымы 7 сағатты алды. Таңертең біз шекараға барып, елден кеткісі келген ұзын-сонар кезекте тұрдық. Шекараға дейінгі 19 шақырымға 12 сағат уақыт кетті. Сөйтіп, Польшаға жеттік. Ондағы жағдай өте күрделі. Елден кеткісі келетін мыңдаған адам бар. Қазақстандықтарды алып келу үшін қажет болса  3-ші, 4-ші, 5-ші рейстерді де ұйымдастыруға дайынбыз”, – дейді Аir Astana әуе компаниясының президенті Питер Фостер.

Бірінші рейспен оралғандардың арасындағы 21 азамат өзге қалаларда тұрады. Олар  Алматыдағы қонақ үйге орналастырылған.  Соғыс басталған кезде Украинада жалпы 1600-ге жуық қазақстандық болған. Оның 657-сі елге жете алмай, елшіліктен эвакуациялауға көмек сұрапты. Бүгін екінші рейспен 120 азаматымыз қайтып келе жатыр. Ұшақ бірер сағаттан кейін Нұр-Сұлтан әуежайына қонуы тиіс.

Талқылау