Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Барлығы қоғамдағы азаматтардан құпия түрде өтуде": Депутаттар активтерді қайтару бойынша мәліметтерді ашуды талап етті

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи заңсыз шығарылған активтерді шетелден Қазақстанға қайтару жөніндегі мәліметтерді ашуды талап етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бас прокурор Берік Асылов пен Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жасаған депутатты сауалында мәжілісмен Ермұрат Бапи Қазақстаннан заңсыз әкетілген активтерді қайтару жөнінде шаралар қабылдауды сұрады. Ол Қазақстаннан әкетілген ақшаны қайтару жөніндегі комиссия тарапынан нақты іс-қимыл жасалмағанын атап өтті.

Бәпидің айтуынша, активтерді қайтару және оны халыққа табыстау – күн тәртібінде тұрған аса маңызды мәселе. Ел-жұрт активтерді қайтару процессінде биліктен жылдам, әрі батыл қадамдар күтуде.  

“Алайда, сол комиссияның тарапынан ешбір нақты әрекет көрінбейді. Егер бірен-сараң бірдеңе істеліп жатса, бұл бізден, қоғамдағы азаматтардан құпия түрде өтуде. Халық атынан тікелей сайланған депутат ретінде, ең алдымен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне ескерту жасағым келеді: сіздер "ескі Қазақстанды" билеген әулет пен оның жақындары бақылаған кеден бекеттерінде арнайы астыртын салық режимін қамтамасыз еттіңіздер! Енді бұлай болмайды. Біз халықтың көмегімен сіздерді жіті бақылайтын боламыз! Дегенмен, ескі кадрлардың саботажы ма, жоқ әлде ұлттық-экономикалық мүддеге қарсы жасалып отырған қастандық па – капиталды қайтару ісінде түсініксіз кібіртік көп”, – деді Ермұрат Бәпи. 

Ол депутаттық сауалында, Латвия құқыққорғау органдары Қазақстанның жекелеген азаматтары салықтан жалтарды және Қазақстаннан заңсыз шығарылған активтер есебінен Прибалтика аумағында мүлік сатып алуда деген күдік келтіргенін айтты. 

“Бұл арадағы сөз Қайрат Боранбаев тұрғысында болып отыр. Дей тұрғанмен, Боранбаев мырза жуықта жеңіл-желпі баптармен сотталды, бірақ оған қатысты өте ірі істер қалтарыс қалды. Тиісті органдар Боранбаевтың Латвия мен Еуропа елдеріндегі қызметін, оның отбасы мен компанияларына жазылған активтерді неге тексермеді? Боранбаевтың келіншегі өз атына жазылған бизнес-ұшақты сатып жібергені сіздерге белгілі ме? Маман-эксперттердің айтуына қарағанда, бұл ұшақтың нарықтағы құны 30 миллион долларға дейін бағаланады. Ол әйел мұндай сомадағы ақшаға қалай ие болуы мүмкін?

Біздің елдің тиісті органдары осы сауда-саттықты біле тұра, ұшақтың қандай қаржыға сатып алынғанын анықтағанға дейін, бұл активті "мұздатып" қоюға неге әрекет жасамады?”, – деді ол. 

Бас прокуратура мен, атап айтқанда, комиссия төрағасының орынбасары Ұлан Байжанов мырза бұл процессті бақылауға ала ма? Бұл сұрақтарды нақтылап отырған себебім – ұрылар жымқырған қаржысын басқа жаққа тығып үлгерсін деп, бүгінгі билікте оларға мұрша беріп отырған біреулер бар сияқты көрінеді. Біз, ұрланған активтерді қайтару туралы заңды бірінші кезекте қабылдауды басты мақсат етіп отырмыз. Осы заңның арқасында біз капиталды қайтаруды неғұрлым тиімдірек бақылауға ала аламыз”, – дейді Бәпи. 

Ермұрат Бәпи депутаттық сауалында премьер-министр Әлихан Смайыловқа жүгінді. 

“Елден ұрланған миллиардтар туралы сөз болғанда, тағы мынадай сұрақтар туады: "Қазақмыс" компаниясы қазақ халқына тиесілі қазба байлықтың 30 пайызына қалай ие болды? Сол сияқты, құрамында назарбаевтық кланның үлесі бар "Еуразиялық топ" халықтық байлықтың 40 пайызын қалай иемденіп кетті? Аталған осы екі компания соңғы он жыл көлемінде қазынаға қанша салық төледі? Осы кәсіпорындардың өндірістік-қаржылық қызметін қадағалауы тиіс "Самұрық-Қазына" Ұлттық қоры капиталды қайтару тақырыбында қандай әрекеттер жасап жатыр?”, – деді ол. 

Бұған дейін шетелге заңсыз шығарылған 670 миллиард теңге Қазақстанға қайтарылғанын жазған едік. 

Талқылау