Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бақыт Сұлтанов "Даму" қорының директорлар кеңесінің төрағасы болып тағайындалды

Премьер-министрдің орынбасары және сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болып тағайындалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, шешімді қордың директорлар кеңесі 2022 жылдың 4 ақпанында қабылдады. 

Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтанов 1971 жылы 29 қарашада Алматыда дүниеге келген. 1994 жылы Қазақ ұлттық техникалық университетін инженер-электрик мамандығы бойынша, ал 1995 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын экономист мамандығы бойынша тәмамдады.

Еңбек өтілі

Еңбек жолын 1994 жылы қаржы министрлігінде қаржы нарығының құнды қағаздары басқармасы акционерлеу және лицензиялау бөлімінің жетекші экономисі болып бастады;

1995 жылы бөлім басшысы, 1996 жылы басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарды;

1997 жылы – бюджет департаменті директорының орынбасары;

1998 жылы – мемлекеттік сатып алу департаментінің директоры;

1999 жылы – қазынашылық департаменті директорының орынбасары;

2001 жылы – бюджет департаменті директорының орынбасары;

2002 жылы – қаржы министрлігі мемлекеттік бюджет департаментінің директоры;

2002 жылдың қыркүйегінен 2003 жылдың маусымына дейін – экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі бюджет саясаты және жоспарлау департаментінің директоры;

2003 жылдың маусымынан 2006 жылдың ақпанына дейін – экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі;

2006 жылдың ақпанынан 2007 жылдың қаңтарына дейін – статистика агенттігінің төрағасы;

2007 жылдың қаңтарынан 2007 жылдың тамызына дейін – қаржы вице-министрі;

2007 жылдың 10 тамызынан бастап – экономика және бюджеттік жоспарлау министрі;

2010 жылдың 13 наурызында президенттің көмекшісі болып тағайындалды;

2012 жылдың 21 қаңтарынан 2013 жылдың 6 қарашасына дейін – президент әкімшілігі басшысының орынбасары;

2013 жылдың қарашасында премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды;

2013 жылдың 6 қарашасынан 2018 жылдың 11 қыркүйегіне дейін – қаржы министрі;

2018 жылдың 11 қыркүйегінен 2019 жылдың 13 маусымы – Астана әкімі (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы).

2019 жылдың 17 маусымынан бастап – сауда және интеграция министрі.

2022 жылдың 11 қаңтарынан бастап Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі болып тағайындалды.

Талқылау