Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өз-өзімді жоғалтып, арам суға салынып кете жаздадым": Өнерімен халықты аузына қаратқан Айдос Тоқтарбаев неге құрылысшы болып кетті

Талай мәрте теледидардан қылыш жұтып, қорапқа бүктеле сыйып кеткен Айдос Тоқтарбаев бір кездері буынсыз адам ретінде танылған еді. Ол үшін өңешіне өткір қанжар жұтып, темірді токқа қосулы күйінде жұту түк емес. Халыққа "Жұлдызды сәт", "Азия таланттары" сынды байқаулар арқылы танылған жігіт қазір өнерден қол үзіп, ешкімнің ала жібін аттамай, ыстық күннің астында мал бағып, үй салып, маңдай термен нәпақасын тауып жүр. Stan.kz тілшісі Айдостың өзімен сұхбаттасып, неге киелі сахнаны тастап, телеарналардан көрінбей кеткенін сұрап білді. 

Айдос Тоқтарбаев

Ауылда құрылыс жұмыстарымен айналысып жүрмін

Қазір Шығыс Қазақстандағы Үржар ауданы Қарабұлақ ауылында өз үйімдемін. Өнерді тастап, ауылда құрылыс жұмыстарымен айналысып жүрмін. Неге десеңіз, цирк саласына деген сұраныстың жоқтығынан, екіншіден дәл осы цирк саласына көңіл бөлінбей, қараусыз қалған соң. Оның үстіне жасым үлкейе, шәкірт дайындасам деген оймен кеттім десем де болады. Қазір ауылда үй салып, тапсырыс қабылдап, күн көріп жүрмін. Құрылыс атакәсіп десек те болады. Әкем 40 жыл шамасында құрылыста істеген. 

Әділетсіздікті көп көрдім, үзіліс керек болды

Құдай берген дарын жерде қалмайды. Бір күні тағы да бір жарқ ете қалармыз. Негізі біржола кеттім деп айта алмаймын. Сахнада жүргенде көптеген жарыстарға қатысып, әділдік таппаған соң кеттім десем де болады. Өзімнің де өкпе-ренішім жиналып, іштей сахнадан кетем деп ойланып жүрдім. Сонша әділетсіздік көрген соң, үзіліс жасап, ауылда демалып басқа жұмыспен айналысып жүре тұруды жөн санадым. 

Бізге қарағанда Қытай әділ шығар десем...

Бақ сынаған байқаулардың бәрінде мені жартылай финалдан соң алып тастай берді. Неге деп ұйымдастырушылардан сұрасам, комиссия мүшелері  алып тастады деп түсіндіреді. Шынымды айтсам, кейін оған менің етім үйреніп қалды. "Жұлдызды сәт" дейтін бағдарламада да Тұңғышбай аға алып тастаған. Жарыс кезінде менің орнымды бір қызға бере салды. Сосын Қытайдағы Үрімші таланттары деген байқауда да дәл осы жағдай қайталанды. Хабарласамыз деп, сол бойы үнсіз кетті. Өзі менің "бағыма" орай сынақ көп қой деймін. Қытайдағы жарысқа барғаныма өкінбеймін, жартылай финалға дейін өнер көрсеттім. Шынымды атсам, Қытайда көрсеткен өнерім өзіме ұнады. Өте мықты қойылым болды. Көп үміт арттым. Қазақстаннан таппаған әділеттілікті Қытайда табатын шығармын деп ойлағанмын. Бізге қарағанда Қытай әділ шығар деп үміттендім...

Айдос Тоқтарбаев

- Сіздің соңғы рет қатысқан байқауыңыз 2019 жылдың күзінде "Азия таланттары" болды. Сол кезде төреші болып отырған әнші Нұрлан Абдуллин "мені таңқалдырмадың" деп еді. Қалай ойлайсыз неге, қанжарды екінің бірі жұта беретін болып кетті ме?

- Неге жоқ дегенін білмедім. Ол кісілердің ойынан шықпаған шығармын. Жас күніндегі Айдос емес, қазір жасым 37-ге келді. Бір адам айтты екен деп, битке өкпелеп, тонымды отқа жақпаймын ғой. Сынсын деп сынап көрген шығар. Бірақ жартылай финалға өттің деп кейін шақыртпай қойғаны қызық болды.

- Сіздің дарыныңызды бірінші байқап, тәрбиелеген ағаңыз деп көп сұқбатта айтасыз. Ағаңыз да осы салада істеп пе еді? Ол кісі неден қайтыс болды?

- Ағам қарапайым ауыл адамы болатын. Туабітті дарыным бар екенін, тәй-тәй басқаннан буындарымның өте иілгіш екенін отбасымдағылар байқады. Жүріп келе жатып, шпагатқа отырған күйі ұйықтап қалады екенмін. Бала күнімде футбол ойнап жүріп, шпагатқа отырып допты қағып алатынмын. Ешқандай қыздыру жаттығулары керек емес. Ағам екеуміз қорада жаттығатынбыз, екі аяғымды керіп, созып байлап қояды. Кейде қатты тартқанда ауырады, сол ауырлықты сезбес үшін алдыма кітап әкеп қоятын немесе жүзге дейін санатқызатын. Сол кезде мұның бәрі не үшін деп ойлайтынмын. Кейіннен түсіндім, санап немесе кітап оқып отырсаң денеңнің ауырғанын сезбейсің, ойың басқаға бөлінеді. 

Терең тыныс алуды да үйреткен ағам болатын. Ағамның үйреткен техникалары мен әдістері менің болашағыма қатты көмектесті. Туған ағамды қатты жақсы көрдім. Бұл ағам туралы көп айта бермеуші едім. Өзі тұзы жеңіл адам еді. Көп жағымсыз жағдайларға түсіп қалып, ұрынып қала беретін. Ағам отыз жасында ауырып қайтыс болды. 

Айдос Тоқтарбаев

Оқуға түскенімді естігенде аспанға ұшып кете жаздадым

Мектепті бітіргенде жағым сынып, сол жылы оқуға түсе алмадым. Содан Алматыда әкемнің қасында көмекші ретінде құрылыста істедім. Ол жұмыс тек күзге дейін ғана істеп, қыста жүк көтеріп, жалдамалы жұмысшы болып күн көрдім. 2001 жылы көшеде Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің жарнамасы тұр екен. Өзімнің бала күнгі арманым циркте өнер көрсету болған соң бірден барып қандай мамандық барын сұрап алдым. Тағдырыма сол бұйырып тұрған шығар. Екі күннен соң іріктеуге бардым. Колледждің кіл бетке ұстар ұстаздары мен басшылығы түгел қатысып отыр екен. Ауылдан келген соң жасықтау болдым. Өнер көрсетіп жатқан жігіттер мен қыздардың қабілеті мені таңқалдырып, өзімді олардан кем санап тұрдым. Ұялшақ болған соң менде мұндай өнер жоқ деп іштей таусылып тұрдым. Оның үстіне олар кішкентайынан акробатикамен айналысып, қабілеттерін дамытқан. Мені алмайтын болды деп күдерім үзілді.

Содан Тоқтарбаев деп соңынан шақырды. Ортаға шығып не істей алатынымды сұрады, мен қолымнан келетіннің бәрін көрсеттім. Комиссиядағылар бір-біріне қарап күлді. Шығып бара жатып ақырын алдарындағы дәптерге қарасам, маған плюс қойыпты. Елу шақты іріктелген баланың ішінен ерекше көзге түскен төрт балаға сондай белгі қойған екен. Іріктеу аяқталған соң төртеумізді шақырып алып, сендер оқуға түсіп тұрсыңдар деп айтты. Оны естіген кезде аспанға ұшып кете жаздадым. Қуанышымда шек жоқ. Бірақ балаларымен еріп келген қалалық ата-аналар айқай шығарды. Біздің балаларымыз неше жыл үйірмеге барып дайындалды, ал оқуға қайдағы жоқ біреулер түседі деп дүрлікті. Комиссия мүшелері шығып, оқуға түскен төрт баланың қабілеті керемет, олар дайын әртістер, табиғи дарындар деп олардың аузын жапты. 

Циркте өнер көрсеткенде киетін лосиныды киюге арландым

Іріктеуден өткен соң емтихан болатынын айтып, бізге аппақ болып киініуді тапсырды. Ауылдан келген бала болған соң циркте өнер көрсеткенде киетін лосиныды киюге арландым. Қатты қысылып, ұялдым. Ауылдан біреу көрсе мынау қызтекеге ұқсап қапты деп айтса, сұмдық қой деп базардан әзер дегенде сатып алдым. Қыздар киетін киімді мен қалай кием деп намыстандым. Ол кезде өмірбақи дайындалатын киімім екенін қайдан білейін.

Емтихан кезінде мен өз өнерімді көрсетсем бәрі күледі. Сөйтсем менің созылуым басқаларға қарағанда ерекше екен. Сол колледжде созылуы мінсіз қыздан да менің майысқақтығым асып түсіпті. Гимнастикадан жаттықтыратын ағайымыз қабілетіме қарап, бұл қалай, қайда дайындалдын, кім дайындады деп сұрайтын. Ауылда қораның ішінде ағам дайындады деп шынымды айттым. Сол ағайым жатақханада тұрғанда түнгі клубтан, тағы басқа жақтан келіп өнер көрсетуіңді сұрайды, ондайларға барма, халтурщик болып кетесің деп ескертті. Расында да 1 курстың ортасында маған түнгі клубтың әкімшілер, шоумендер, асабалар келіп өнер көрсетуім сұрады. Мен бас тартпадым. Сол кезде 500-1000 теңге қолымызға беріп қояды, біз соған мәзбіз. Ал өздері біздің үстімізден 40-50 мың теңге пайда көріп жүрген екен. 

Айдос Тоқтарбаев

 

Оқудан бір емес, екі рет шығарып жіберген

Алғашқы оқу жылын жақсы тәмамдап, көзге түстім. Бірақ жатақхана комендантымен көп тіресіп қалатынбыз. Сол кісі колледж басшылығына менің үстімнен тәртіп бұзғаным үшін көп арыз түсірді. Сөйтіп жүргенде 2 курстың аяғында оқудан шығарып жіберді. Біз коменданттың жатақханаға отбасылы кісілерді кіргізіп, ақы алатынын айтып шағымдандық. Содан кейін бізді қалай да оқудан шығаруды мақсат тұтса керек. Бірақ сәл уақыт өткен соң енді тыныш жүр деп қайта қабылдады. 

Ал үшінші курста он күнге Қырғызстанға басқа университеттің атынан өнер көрсетіп қайтып келсем, мені оқудан шығарып жіберіпті. Оқытушылардың бәрі оқу жылы бітуге сәл қалды, оқуын бітіріп, дипломын алып кетсін деп шырылдап жүр. Колледж басшысынан оқудан шығарып жібермеу үшін көп адамдардан көмек сұрадым. Бірақ басшылық көнбей қойған соң, өзім кіріп, кешірім өтініп, оқуда қалдыруды сұраған едім, тыңдамады. Ауылыңа барып мал бақ, сенен әртіс шықпайды, тағдырың осындай халтурамен өтеді, көрінген жерде жалдамалы болып өнер көрсетесің деп айтты. Мал бақсам да күнім сізге қарамасын деп есікті бір теуіп кеттім. Артымнан жүгіріп шығып,  қайта келетін есігіңді теппе деп бақырып қалды. Дәл осы есіктен қайта кірмеймін деп құжатты алмастан кетіп қалдым. 

 

Мені оқудан шығарғаны үшін ұстазым жұмыстан кетті

Мені оқуда алып қалу үшін біраз ұстаздарым шырылдап барын салды. Тіпті, мені оқудан шығарса, жұмыстан кететіндерін айтты. Гимнастикадан және жалпы физикалық дайындықтан беретін екі ұстазым оқудан шығармаймыз деп табан тіреп тұрып алды. Ақыр аяғы колледждегі ең мықты деген 2-3 студентті шығарып жібергені үшін Шыңғыс Орманбетов деген ағайым жұмыстан шығып кетті. 

 

Циркте істегім келмеді

Мен үшін цирктің есігі әрқашан ашық еді. Бірақ өзім беттей алмай қалдым. Басымнан өткен жағдайлардан соң циркке барғым келмеді. Оның үстіне колледжде сабақ берген Мартин деген ағайым маған қырын қарап, қайда барсам жолымды кескестей берді. Өйткені ол мені өзінің жеке жобасы ретінде тәрбиелегісі келді, бірақ мен қырсығып айтқанын істемедім.

Мен циркте ресми түрде айлыққа қызмет істеген жоқпын. Тек бір-екі рет көмекші болып, немесе концерттерде қонақ ретінде ғана барып өнер көрсеткенмін. Циркте істегім келмеді. Өйткені жанымдағы балалар "оның дипломы жоқ" деп бетіме басады ма деп қорықтым. Оқудан қарабет болып шығып кетіпті деп айтатын секілді болып көрінді. Сөйтсем мен қателескен екенмін. Осыдан екі-үш жыл бұрын циркке барсам, цирк мұғалімдері мен оқушылары алдымнан жүгіріп келіп амандасып, суретке түсіп, автограф алып жатқанда қателескенімді білдім. Балалық қателігім үшін өзімді іштей жеп қойғанымды ұқтым. 

 

"Жұлдызды сәттегі" сәтсіздіктен соң арам суға салынып кете жаздадым

Өмірдегі ең үлкен өкінішім - оқуды бітіріп, қалай да диплом алып шығу керек еді. Одан кейін жарыстардан әділетсіздік көргенде жалғыз қалып, өз-өзімді жегідей жеп, бармақ тістеп қалатынмын. "Жұлдызды сәттен" кейін өз-өзімді жоғалтып алдым. Тіпті арам суға салынып кете жаздадым. Сол кезде жолдас жігіттер жалғыз өзі қалып қалмасын, ішіп кетпесін деп шақырып алатын. Қатты ішкім келіп, өкінішімді басқым келетін. 

 

Нан үшін екі тізімді сындырдым

Бала күнімнен тұзым жеңіл болды. Студент кезде түнгі он бірден соң сыртқа шығуға болмайды. Бір күні түнде дүкеннен нан алу керек болып, сыртқа шыға алмадық. Мен үшінші қабаттан секірем деп екі аяғым бірдей сынды. Бірақ бір айдан кейін орнымнан тұрып кеттім. Одан кейін жігітшілікпен бір төбелесте қолымды сындырып алып, кем бітті. Әлі де қолымның қисық екені білініп тұрады. Бас-аяғы екі тізе, тобық, белдің қыр сүйектері, сегіз қабырғам, жақ, бетсүйек, мұрын, екі қолым сынып, құйымшағым шықты.

Өткір қанжар жұтатын кезде кеңірдегімді кескен кездер болған. Студенттер сарайында дайындық кезінде өткір қанжарды жұтып, қайта шығарғанымда ұшында қан тұр екен. Кеңірдегімді түгел кесті екен деп қатты қорқып кеттім. Ешкімге айтпай айнаға қарасам тілімді және өңештегі кіші тілді кескен екен. Содан концерт басталғанша тыныш отырдым. Ал сахнаға шыққанда ауырғанымды ұмытып кеттім. Шынымды айтсам, мен көрерменнің ыстық ықыласын, қошеметін сезінсем тез жазылып кетемін. 

 

Циркте істейтін жігіттер күнін әрең көріп жүр

Біздің циркте өнер көрсететін жігіттер - шетінен кіл мықтылар. Бірақ біздің елде олар бағаланбайды, көрінбейді. Ал шет елге шықса, сол елде қалып қояды. Елімізде жүрген достарыма хабарласып сұрасам айлыққа әрең күн көріп жүрміз деп айтады. Ары тартсаң да, бері тартсаң да жетпейді, жалданып каскадер болып, түнгі клубтарға барып әркімнің есігінің алдында өнер көрсетіп жүрміз деп айтады. Былай қарап тұрсаңыз кезінде қаншама ел аралап, талай еңбек етіп тер төккен балалар қазір осындай күй кешіп, елеусіз қалды. Менің жоғарыдағыларға айтар бір өтінішім: таңның атысынан күн батысына дейін шетелдік мультфильмдерді қоя бермей, цирк өнерпаздары туралы балаларға арналған бағдарламалар ашса екен. Балаларға  түрлі акробатикалық жаттығулар мен трюктар үйрететін жоба болса, цирк әртістері соған тартылып, олардың өнерін насихаттасса, нұр үстіне нұр болушы еді. 

 

Дайындаған: Жанна Мәлік

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр