Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қатыгездікпен өлтірілген Аяжан Еділованың ісі: Сот күдіктіге үкім шығарды

Алматыда Аяжан Еділованың өліміне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Күдікті Төребеков айыпты деп танылып, 25 жылға сотталды.  

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты адам өлтіру қорқытумен (ҚК-нің 120-бабының 2-бөлігінің 2-тармағы) үйлестіріп зорлау және басқа қылмысты жасыру мақсатында кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танылған Т.-ға қатысты істі қарады. 

Сотта анықталғандай, Т. 2021 жылдың наурыз айының ортасында өз пәтерінде бола тұра, зорлау мақсатында, алдап-арбау арқылы – тігін қызметін көрсетемін деген желеумен жәбірленуші Е. шақырған. Т., өз еркімен жыныстық қатынасқа түсуге келісімін алмай, зорлық-зомбылық көрсетіп, өлтіремін деп қорқытып, жәбірленуші Е.-ны зорлап, зорлағанын жасыру мақсатында белбеуімен тұншықтырып өлтірген, соның салдарынан жәбірленуші сол жерде өлген. Артынша Т., қылмыс ізін жасыру мақсатында жәбірленушінің мәйітін бөлшектеген.

Сотталушы Т. кінәсін ішінара мойындап, зорлады деген айыппен ақтауды сұрады.

Іс бойынша қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар жоқ.

Сот үкімімен Т., адам өлтіремін деп қорқытумен (ҚК-нің 120-бабының 2-бөлігінің 2-тармағы) және басқа қылмысты жасыру мақсатында кісі өлтірумен, сондай-ақ зорлық жасағаны үшін кінәлі деп танылды (ҚК-нің 99-бабы, 2-бөлігі, 10-тармағы). Қылмыстардың жиынтығы бойынша 25 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сотталған Т., бұрын сотталмаған, қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.

Осыған байланысты сот өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауға негіз таппады.

Сонымен қатар, азаматтық талап-арызы ішінара қанағаттандырылып, жәбірленушінің пайдасына 20 000 000 теңге өндірілу тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетсек, сот барысында ол бойжеткенді зорлады деген айыппен келіспей, тек кісі өлтіргенін ғана мойындаған еді.

Аяжан Еділованың өлімі бойынша сот отырысы 9 қарашада басталды. Іс Алматы қаласының аса ауыр қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жабық режимде қаралды. Аяжанның отбасының атынан сотқа қатысқан қорғаушы Қадіржан Ғалымжанұлы қылмыстық іс 30 томнан тұратынын және 30-ға жуық сараптама өткізілгенін мәлімдеді.

Еске сала кетсек, осы жылдың наурыз айында 19 жастағы алматылық Аяжан Еділова жұмыстан шығып, із-түзсіз жоғалып кеткен болатын. Жатақхананың жанында күткен жігіті бірнеше рет қоңырау шалып, хабарлама жазып, жауап болмағандықтан, дабыл қағады. 

Қыздың жоғалғаны туралы хабар 20 наурызда тарады. Оны соңғы рет жұмыста көрген. Іздеу жұмыстары бірнеше күнге созылды. Оның көз жұмғаны 22 наурызда белгілі болды. 

Аяжанның достары мен еріктілер оны алып кеткен индрайвер жүргізушісін тапты. Ол қызды қай мекенжайға апарып тастағанын және тапсырыс берген адамның атын айтты. Туыстары сол жерге барғанда полицейлерді көрген. Екі жедел жәрдем көлігі тұрған. Ал тәртіп сақшылары үйден үсті-басы қан болған ер адамды алып шықты.

Қызды 28 жастағы Түркістан облысының тұрғыны өлтіргені анықталды. Жігіт Аяжанды пәтерде өлтіріп, денесін бөлшектеп, тіпті басын қайнатқан. Қыздың бөлшектенген денесі Нұркент ықшам ауданындағы пәтерлердің бірінен табылды. Кей дене мүшелерін Алатау ауданынан тыс жерлерге апарып, қоқыс жәшіктеріне жасырған. Ер адам ұсталған уақытында өз-өзіне қол жұмсағысы келді. Пышақпен тамағын тіліп жіберген. Бірақ дәрігерлер оны құтқарып қалды. Осыдан соң күдікті кінәсін толық мойындады. 

Талқылау