Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аяжан Еділованың өлімі: Іс сотқа берілді

Алматыда қатыгездікпен өлтірілген Аяжан Еділованың ісі сотқа берілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Тергеу барысында алынған материалдар Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жіберілген. 

“Алматыдағы мамандандырыған қылмыстық істер жөніндегі сотына зорлау, сондай-ақ ерекше қатыгездікпен адам өлтіру бойынша Т.- ға қатысты қылмыстық іс түскенін хабарлаймын. Бұл іс жабық түрде өтеді, себебі бұл іс жыныстық қол сұғылмаушылыққа қатысты болып тұр. Алдын ала тыңдауда істі қарау мәселесі сотталушымен не алқабилердің қатысуымен немесе судьямен қаралатыны анықталады. Процессуалдық шешім қабылданғаннан кейін істі қарау күні туралы қосымша хабарлаймыз”, – дейді Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.  

Еске салсақ, Аяжан Еділова 19 наурызда үйіне қайтып оралмаған. Екі күннен кейін оның бөлшектенген денесі Алматыдағы көп қабатты пәтерлердің бірінен табылды. Полиция мәліметінше, Аяжан Еділова 19 наурызда түнгі сағат 11-де қаза тапты. Еріктілер іздестіру жұмыстарын жүргізіп, 21 наурызда қызды Нұркент ықшамауданына алып барған такси жүргізушісін анықтаған. Еріктілерден түскен ақпарат бойынша полицейлер қылмыс орнына барған. Кейінірек қыздың денесінің бөліктері мегаполистің әртүрлі аймақтарынан табылыпты. Оның туыстары кісі өлтірушінің қатыгездігі туралы айтуда. Күдікті марқұмның басын қайнатып, тырнағы мен тістерін жұлып алған.

Алматы полициясы күдіктіні – Түркістан облысының тұрғыны, 1993 жылы туған азаматты ұстады. 

Полиция пәтерге шабуыл жасаған кезде ол өзін өлтіруге тырысты.



Аяжан Еділованың өліміне күдікті Рахманберді Төребеков Түркістан облысының Жаушықұм ауылында тұрған. Оның туыстары сұхбаттан бас тартты. Мектеп мұғалімдері үздік түлектің осындай қатыгез кісі өлтіргеніне сенбейді. Күдікті 2010 жылы медициналық академияға түскені белгілі. Бір жылдан кейін нашар үлгерімі үшін оқудан шығарылды. 2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының медакадемиясына грантқа түскен. Бірақ екінші курстан кейін сол жерден де шығарылды.

Аса ауыр қылмыстық істер бойынша адвокат болып жұмыс істейтін тәжірибелі заңгер Қадыржан Ғалымжанұлы күдіктінің қылмысты жалғыз жасағанына күмән келтірмейді. Десек те, қолда бар дәлелдерді тергеу тобы мұқият тексеруі керек.

"Медицина университетінің студенттері оқу кезінде мамандық бойынша мәйітханаға барады. Бұл міндетті. Сондықтан ол бәрін жалғыз жасай алады. Бұл бірінші рет жасалған қылмыс болмауы мүмкін. Ол еш саспаған, абыржымаған", – дейді заңгер Қадыржан Ғалымжанұлы.

Талқылау