Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ауыр және ерекше ауыр қылмыс жасағандар да амнистияға ілігеді

«Рақымшылық» туралы заң бойынша нақты кімдердің мерзімінен бұрын босатылмайтыны белгілі болды. Экс-премьер Серік Ахметов, әкелі-балалы журналист Матаевтар және митинг ұйымдастырғаны үшін сотталған атыраулық Талғат Аян мен Макс Боқаев жазасын толық өтейді. Бас прокуратура жасаған тізімде олардың аты-жөні жоқ, – деп хабарлайды КТК арнасы.

Ауыр және ерекше ауыр қылмыс жасағандар да амнистияға ілігеді

Өйткені, «Рақымшылық» туралы заңға сәйкес митинг ұйымдастырғандар, лаңкестік туралы жалған ақпарат таратқандар мен қылмыстық топ құрғандарға жеңілдік жасалмайды екен. Бірақ, бұл талапты депутаттардың заң жобасын қабылдау кезінде бекітпей тастауға құқы бар. Бір анығы – келесі жылы түрмеден екі мыңға жуық сотталушы босап шықпақ.

Мәжіліс Бас прокуратура, қоғам белсенділері, заңгер мен  адвокаттарды жинап, бүгін алғаш рет «Рақымшылық» туралы заң жобасын  талқылауға және нақты тізімді бекітуге кірісті. Құжатты әзірлеген Бас прокуратура болғандықтан, Иоган Меркель алдымен мерзімінен бұрын бостандыққа шықпайтындарды атады.

“Митинг ұйымдастырғандар, еліміздің ішкі тыныштығын бұзғандар рақымшылыққа ілікпейді. Ал жемқорлыққа келсек, ұйымдасқан  қылмыстық топ құрған азаматтар мен ауыр қылмыс жасағандар бұл тізімде жоқ”, – дейді Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель.

Яғни, ауыл шаруашылығына арналған жердің шетелдіктерге жалға берілуіне қарсы митинг ұйымдастырғаны үшін 5 жылға түрмеге тоғытылған Талғат Аян, Макс Боқаевтар жазасын толық өтейді деген сөз. Қарағандылық  физика пәнінің мұғалімі Юрий Пак лаңкестік туралы жалған ақпарат таратты деп сотталған. Ол да рақымшылыққа ілікпейді. Бірақ, заңды талқылауға қатысқан қоғам белсенділері олардың бостандыққа шығуын соңына дейін сұрамақ.

“Макс Боқаев пен Аян Талғат, әкелі-балалы Матаевтар, кезінде сотталып кеткен Саят Ибраев деген азаматтар бар. Олардың барлығы қоғамға бір қауіп төндіретін азаматтар емес. Менің ойымша, бұлардың барлығы осы амнистияның аясында бостандыққа шығуы қажет”, – дейді саясаттанушы Ерлан Саиров.

8 жылға сотталған экс-премьер Серік Ахметов те әзірге тізімнен тыс қалған. Бірақ, депутаттар қазына қаржысын жымқырған, жемқорлық, алаяқтықпен ұсталғандардың қоғамға еш қаупі жоқ деп отыр.

“Экономикалық қылмыстар үшін рақымшылық жасалған дұрыс деп ойлаймын. Мысалы, банкирлер қаржы жүйесінде қылмыс жасайды. Оларды түрмеге отырғызғаннан  қандай пайда табамыз?” – дейді Мәжіліс депутаты Нұрлан Дулатбеков.

Жалпы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жасалып жатқан рақымшылықтың шапағаты темір тордағы 30 мыңға жуық адамға тиеді. 1800 сотталушы түрмеден босатылмақ. Сондай-ақ, ауыр қылмыс жасаған 5 мың адамның жазасы қысқартылады. Қалғандарына әртүрлі жеңілдіктер қарастырылған. Бас прокуратура ЭКСПО қарсаңында қауіпті қылмыскерлерді бостандыққа жіберуден қорқып отыр екен.

Енді әр облыстың әкімдері абақтыдан шыққан адамға жұмыс тауып беріп, қатарға қосу үшін қазірден қамдануы тиіс. Бостандыққа шыққандардың екінші рет қылмыс жасамауын полицейлер жіті бақылайды. Ал жемқорлығы үшін сотталғандардың тағдыры депутаттардың қолында. Парламент мүшелері заңға оларды да бостандыққа шығару туралы өзгеріс енгізуге құқылы екен.

 

Талқылау